«Самұрық-Қазына» АҚ «Халық ІРО» Бағдарламасы аясында «KEGOC» АҚ акцияларын Қазақстанның қор биржасына шығару шешімін бекітті

«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар Кеңесінің «Халық ІРО» Бағдарламасы аясында «KEGOC» АҚ акцияларын Қазақстанның қор биржасына шығару құрылымы, әр акцияның бағасы мен сатылатын акциялар саны туралы шешімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылдың 31 қазаны күнгі № 1156 Қаулысымен бекітілді.

«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар Кеңесінің бекітілген шешіміне сәйкес, алғашқы лекте «KEGOC» АҚ қарапайым акцияларының 25 999 999 (жиырма бес миллион тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз) данасы саудаға шығарылады. Қарапайым бір акцияның құны 505 (бес жүз бес) теңге.

Қазақстан Республикасының азаматтары мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-на зейнетақылық активтер есебінен аталған құнды қағаздарды сатып алу құқы берілген. Бұдан бөлек маркет-мейкердің мұндай мүмкіндігі бар.

Бекітілген сату құрлымы барлық жекелеген инвесторлар – Қазақстан Республикасы азаматтарының тапсырыстарын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Саудаға шығарылатын акциялар инвесторлар арасында төмендегі кезекпен үлестіріледі:

- маркет-мейкердің тапсырысы;

- жекелеген инвесторлардың 14000 (он төрт мың) дана көлеміне дейінгі акциялары толық қанағаттандырылады.

Жекелеген инвесторлардың тапсырыстарында көрсетілген акциялар саны саудалатын құнды қағаз көлемінен асып кеткен жағдайда, сатылатын акциялардың шеткі көлемі 14000 (он төрт мың) дана акциядан сұраныс пен ұсыныс мөлшері теңестірілгенге дейін бір акцияға төмендеу қадамы арқылы қанағаттандырылатын болады. 

Бекітілген шеткі көлем 14000 (он төрт мың) дана акция мөлшерінде сұранысқа ие болмаған акциялар 14000 (он төрт мың) данадан көп акция алуға тапсырыс берген жекелеген инвесторлар арасындағы төмендегі кезекпен үлестіріледі:

- егер сұраныстың жалпы жиынтығы қалған акциялар санынан аз болса, тапсырыстар толық қанағаттандырылады;

- ал сұраныстың жалпы жиынтығы қалған акциялар санынан асып кетсе, қанағаттандырылатын тапсырыстың шеткі көлемі ұлғайтылатын болады.  Яғни сұраныс пен ұсыныс көлемі теңестірілгенге дейін 1 (бір) қарапайым акцияға ұлғайту, сәйкесінше сұранысты 14001 (он төрт мың бір) дана ретінде қанағаттандыру  қадамы арқылы үлестірілетін болады.

Жекелеген инвесторларда сұранысқа ие болмаған акциялар берілген тапсырысқа сәйкес «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ пайдасына үлестірілетін болады.

Үлестірудің жоғарыда аталған шарттарына сәйкес сұранысқа ие болмай қалған акциялар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, «Халық ІРО» Бағдарламасы аясындағы саудадан кейін 6 (алты) ай мерзім өткен соң барып ұйымдастырылған құнды қағаздар нарығына сатылымға шығарылады.

Жазылу мерзімі шеңберінде тапсырыс беру мерзімі есепке алынбайды. 

«KEGOC» АҚ сатылымға шығаралатын қарапайым акцияларына жазылу мерзімі – 2014 жылдың 5 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығы.

«KEGOC» АҚ қарапайым акцияларының құны жазылу мерзімі аяқталған күннен  кешіктірілмей, яғни 2014 жылдың 3 желтоқсанына дейін брокерлік қызмет көрсету келісімінің шарттарына сәйкес толық төленуі тиіс.

Жеке тұлғалардың жазылуға қатысуы үшін брокерлік компаниялар немесе  трансфер – агенттер, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы акцияны сатып алуға тиісті бұйрық түсіруі керек (Бөлімшелер тізімі: http://www.kazpost.kz сайтында көрсетілген).

Жазылу туралы толымды ақпарат http://www.halyk-ipo.kz web сайтында жарияланған. Сондай-ақ, 8 800 070 15 70 номеріне телефон шалып,  ақпарат алуға болады (ҚР аумаағынан телефон шалу тегін).

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика