Халықаралық әйелдер күніне орай кездесу

Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елорда төрінде қоржындық компаниялар өкілдерінің басын қосу игі дәстүрге айналды.


Бұл жолы да түрлі аймақта, энергетика, темір жол, авиация, машина жасау, тау-кен, өнеркәсіп сынды салаларда еңбек ететін 25 әйел Қор басшылығымен кездесіп, Астананың мәдени орындарын аралады.

Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы компания игілігі үшін еңбек ететін қарапайым жұмыскерлер, көп балалы аналар, жұмыста жетістіктерге жеткен іскер әйелдер бар.


Басқарма төрағасы Ө.Шөкеев аруларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Қор грамоталары мен естелік сыйлықтарды табыс етті.

«Сіздерді көктемнің алғашқы шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн  ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны. Бүгін қор шаңырағында жиналып отырғандарыңыз біз үшін үлкен мәртебе, қуаныш. Сіздерге арналған ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын. Әрқайсыңызға құт-береке, қуаныш, баянды бақыт тілеймін!» - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев қоржындық компанияларда еңбек ететін әйелдермен кездесу барысында.

 

«Осындай іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мақтаныш, абырой. Ұзақ жылдар бойы пошта саласында жұмыс істеп, компанияның өркендеуіне, ұжым санасының өзгеруіне куә болдым. «Қазпошта» қазіргі кезде аса күрделі де қызықты кезеңнен өтуде. Тұтынушыларымызды бақытты ету үшін біз өзгерістерге қадам бастық.

Өзім жай ғана пошта тасушы емеспін, мен әрбір жанға жақсы жаңалық, үміт, қуаныш әкелемін. Осылайша еліміздің гүлденуіне өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын. Почтальон қызметі оңай емес. Жұмысымда қолдау көрсеткендердің барлығына ризашылығымды білдіремін.

Жалпы Қазақстанның барлық қыз-келіншектерін мерекемен құттықтаймын. Шын жүректен береке тілеймін, әрдайым жүздеріңізден қуаныш-күлкі кетпесін!», - деді Алтын Сұлтан Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен Қор басшылығымен кездесуде.

«Қазпошта» Атырау облыстық филиалындағы Махамбет аймақтық басқармасында еңбек ететін Алтын Жолдасқызы почтальон қызметін 80-ші жылдардан бері атқарады. Демек, күннің ыстық-суығына қарамай, елге хабар таратумен айналысқанына 30 жылдан асты. Бұған қоса 6 бала тәрбиелеп отырған ұлағатты ана ретінде Күміс алқаны тақты.  


«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында еңбек ететін арулардың саны 100 мыңға жуық. Олардың ішінде 6 мыңнан астамы жетекші қызметтерді атқарса, 3 мыңға жуығы - көпбалалы аналар.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика