20.11

«Самұрық-Қазына» АҚ мен Ұлыбританияның сауда және инвестициялар министрлігінің жетекшілері Қазақстан-Британ іскерлік кеңесін құру мәселелерін талқылады

Ұлыбританияға (Лондон) жұмыс бабындағы іс сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. Ұлыбританияның сауда және инвестициялар министрі Лорд Йан Ливингстонмен кездесуде тараптар Қазақстан-Британ іскерлік кеңесін құру мәселесін талқылады.

«Бұл бастама өзара тиімді инвестициялар ағымын ұлғайтып қана қоймай, екі елдің кәсіпорындары арасындағы іскерлік серіктестіктің сапасын айтарлықтай арттыра түседі»,-деп атап өтті Лорд Йан Ливингстон.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев іскерлік байланысты жаңа форматта дамытуға даяр екенін баса айтты. «Кез келген компания үшін сыртқы нарықтарға инвестиция құю мүмкіндігі – кең ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл орайда сенімді серіктес, ынталы әріптестің рөлі ерекше. Іскерлік кеңес форматындағы диалог - қос тарапқа да  өзара тімді әріптестікті нығайтудың тың мүмкіндігі»,- деп сөзін түйіндеді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуде тараптар инвестициялар тартудан бөлек инновация, оқыту мәселелеріне де тоқталды.  

Одан соң Қордың Басқарма Төрағасы UBS инвестициялық банкілік тобының жетекшілері, Инвестициялық банктің Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка бөлімшелерінің басшысы Хуан Монтемен жеке кездесті. Credit Suisse банкінің Ресей мен ТМД аумағы бойынша басқарушы директор-төрағасымен жүздесіп, инвестициялар саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады.