"ҚазМұнайҒаз» АҚ: Басқарма төрағасы Болат Ақшолақов ҚМГ компаниялар тобындағы инновациялық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді

Ағымдағы жылғы 25 қарашада Алматы қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Болат Ақшолақов ҚМГ компаниялар тобындағы инновациялық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оның жұмысына сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директор Мағзұм Мырзағалиев, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ бас директоры Ұзақбай Карабалин, КБТУ ректоры Искандер Бейсембетов, «А.Б.Бектуров атындағы химиялық ғылымдар институты» АҚ бас директоры Еділ Ерғожин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және оның еншілес компанияларының құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, мамандары қатысты.

Мұнай-газ кешенінің инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2011-2016 жылдарға арналған инновациялық-технологиялық бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама мұнайды қайта өңдеу тереңдігін, өнімдер ассортиментін ұлғайту, өнімдер сапасын халықаралық стандарттар дәрежесіне дейін жақсарту, кен орындарының қорлары мен мұнай қайтарымын ұлғайту, өңдеу көлемін арттыру, шығындарды азайту үшін ресурс үнемдейтін, экологиялық қауіпсіз өнеркәсіптік-технологиялық зерттеулерді кеңінен пайдалануға жағдайлар жасауға бағытталған.

- Бағдарламада ғылыми-зерттеу және тәжірибелілік-конструкторлық жұмыстарға және инновациялық кластерді құруға қомақты қаржы көзделген. Осыған байланысты өндірісте алдыңғы қатарлы ғылыми технологияларды енгізу оның сәтті іске асырылуы және көрнекі табысы болып табылады, - деп, атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Болат Ақшолақов. - ҚМГ инновациялық қызметі әр түрлі элементтер мен деңгейлердің инновациялық қызметінен құралатындықтан, біз бүгін осы жерде ғылым мен бизнестің арасындағы ортақ жанасуды жолға қою, ҚМГ компаниялар тобындағы инновациялық даму саласындағы мәселелерді талқылау үшін жиналдық, - деп, қосты ҚМГ басшысы.

Мәселен, ҚМГ инновациялық-технологиялық даму бағдарламасына сәйкес 2016 жылға дейін ғылыми-зерттеу және тәжірибелілік-конструкторлық жұмыстар шығындары 46 млрд. теңгеге дейін өседі. Негізінен шығындар геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, мұнай және газ тасымалдау жүйесін және технологияларын жетілдіру, экология, энерго- және ресурс үнемдеу, мұнай қайтарымын көтеру мақсатында тозған кен орындарын өңдеу тиімділігін арттыру сияқты ғылыми ауқымды бағыттармен байланысты болады.

Бұдан басқа инновациялық инфрақұрылым құру үшін «ПИТ «Alatau» арнайы экономикалық аймақ аумағында ҚМГИ Ғылыми-зерттеу орталығының және КБТУ Ақпараттық технологиялар және мұнай-газ инжиниринг институтының объектілерін салуға, сондай-ақ мұнай қайтарымын арттыратын инновациялық технологияларды сынақтан өткізу үшін тәжірибелілік-өнеркәсіптік алаң жасауға 43 млрд. теңге шамасында қосымша қаражат бөлу жоспарлануда.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ҚМГ бейіндік мамандығы бойынша 10 жас қазақстандық ғалымдарға жыл сайынғы сыйлықақы тағайындауды және ҚМГ компаниясы тобының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу бойынша өнертапқыштық бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика