"ҚазМұнайГаз» АҚ: Катар астанасы Доха қаласында 20-шы Дүниежүзілік Мұнай Конгрессі басталды.

Мерейтойлық Конгресс тақырыбы – «Баршаға ортақ энергетикалық шешімдер: Ынтымақтастық, инновациялар мен инвестицияларды дамыту». Іс-шараның ашылу салтанатында ДМК президенті Рэндал Госсен конгресстің әлемде драмалық өзгерістер орын алған кезде өткізіліп жатқанын атап өтті. «Үлкен қиындықтар ұлы мүмкіндіктерге жетелейді. 4 күн ішінде сарапшылар энергетикалық мәселелерді шешу жолдарын ұсынады», - деді ол.

Дүниежүзілік Мұнай Кеңесінің 80 жылдық тарихында Конгресс тұңғыш рет Таяу Шығыста өтуде. Катар – Араб әлемі ішінде мұнай-газ индустриясы жетекшілерін өз жерінде қабылдаған бірінші мемлекет. Бұл естен кетпес оқиға болатыны анық: Конгресске 5 мыңнан астам делегат қатысады, оның ішінде 32 министр, жүзден аса ірі компаниялардың басшылары бар; 600-дей адам баяндама жасамақ; 37000 шаршы метрде орналасқан мұнай-газ көрмесіне 500 компания қатысуға ниет білдірген. Қазақстан тарапын KAZENERGY қауымдастығы мен «ҚазМұнайГаз» АҚ ұсынады.

Қазақстан делегациясы өз жұмысын ДМК Ұлттық комитеттері отырыстарына қатысудан бастады. Онда Атқарушы комитет мүшелері мен ұйымның келесі Президенті сайланды. Алдағы үш жыл бойы ДМК президенті қызметін бразилиялық Ренато Тадо Бертани атқаратын болады. Тимур Құлыбаев басқарған Қазақстан Ұлттық комитетіндегі дәйекті жұмыстың жемісі - ДМК Атқарушы комитетінің келесі отырысын Астанада өткізуді қалағаны. 2010 жылдың 21 қазанында Бейжіңде өткен ДМК Атқарушы комитетінің отырысында KAZENERGY Бас директоры, ДМК Қазақстан Ұлттық комитетінің мүшесі Жанболат Сәрсенов тиісті ұсыныс білдірген болатын, дәл бүгін Рэндал Госсэн келесі отырыс 2012 жылы, қазанның бірінші онкүндігінде, Астана қаласында, KAZENERGY қауымдастығының VІІ Еуразиялық форум шеңберінде өтеді деп жариялады.

Дүнижүзілік Мұнай Кеңесі (World Petroleum Council) 1933 жылы қаланған. Оның құрамына 60-тан астам мемлекет енеді. ДМК басты мақсаты – оған енетін елдердің мұнай саласы өкілдері арасында ақпарат алмасу мен талқылау үшін Дүниежүзілік мұнай конгресстерін ұйымдастыру. 2008 жылы KAZENERGY қауымдастығының бастамасы бойынша Қазақстан ДМК мүшесі болып қабылданды.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика