«Казатомпром» АҚ: Компания Инновациялық форумда серпінді жобаларын ұсынды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Инновациялық Қазақстан - 20 жылдық тәуелсіз жолдан кейінгі болашаққа көзқарас» инновациялық форумы аясындағы көрмеге отандық компаниялардың серпінді инновациялық жобалары ұсынылған. 6 желтоқсан күні Форум барысында инновациялық жобалар республикалық байқауының қорытындысы жарияланатын болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ аталмыш байқауға еліміздің атом саласында энергия және ресурстарды үнемдеуді қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстанның атом саласындағы инновацияларды жасау, анықтау және өндіріске енгізу» кешенді ғылыми-техникалық зерттемесімен қатысып отыр.

Жоба «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның тау-кен кәсіпорындарында қолданылатын жер асты ұңғымалы шаймалау технологиясының әдістері мен жабдықтарын оңтайландыру және жетілдіру бойынша инновациялық зерттемелерді қамтыған.

Ұсынылған инновациялық зерттемелер «Жоғары технологиялар институты» ЖШС базасында құрылған технологиялық сынақ полигонында тәжірибеден өткізілуде. Бұл зерттемелерді одан әрі компанияның уран өндіретін кәсіпорындарында қолданысқа енгізу уран өндірісінің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге қызмет етеді.

Жобаны таныстыру барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник компания ғылыми-техникалық зерттемелерді холдингке қарасты кәсіпорындарда енгізе бастағанын атап көрсетті.

Атап айтқанда, «Ақдала» кенішінде («Бетпақ Дала» ЖШС) пероксидты тұндырудың жаңа технологиясы бойынша табиғи уранның шамамен 4 мың концентраты алынды.

Қазатомөнеркәсіп, сондай-ақ, технологиялық ұңғымаларды тазалау саласындағы инновацияны да таныстырды. Компанияда әзірленген икемді қондырғылар уран өндіретін кәсіпорындардағы ұңғымаларды игеру және жөндеу бойынша регламенттік жұмыстарды тез әрі сапалы және экологиялық фонға залал келтірместен атқаруға мүмкіндік береді.

Қазатомөнеркәсіптегі тағы бір инновациялық бағыт - жер асты шаймалау кезінде сирек және сирек-жер металдарды (рений, скандий оксиды т.б.) жанама түрде алатын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірістер (желілер) болды. Тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғыларда өткізілген зерттеулердің нәтижесі осы саладағы шетелдік компаниялардың үлкен қызығушылығын оятты.

Уран саласында принципті түрде жаңа, заманауи өндірістерді құру экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен технологиялар трансфертын арттыру мәселелерінде еліміздің мұнан да биік деңгейге көтерілуіне жол ашады.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика