"ҚазМұнайГаз» АҚ: Сенат газ және газбен жабдықтау туралы заңды қабылдады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған заң Қазақстан Республикасының газға деген ішкі сұраныстарын тиімді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйесі нысандарын тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауды көздейді. Бұл ретте еліміздің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтынушылардың барынша кең ауқымын іркіліссіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге қатысты шаралар көзделеді. Бұнымен қоса, құжатпен республиканың отын-энергетикалық балансында газ үлесін арттыру және әсіресе, өндірілетін ілеспе газды ел мұқтаждықтарына тиімді пайдалану шаралары қарастырылады.

«Құжат Үкімет айқындайтын ұлттық оператордың қызметі үшін заңнамалық базаға айналады. Оның негізгі міндеттерінің бірі республиканың ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығы мақсатында мемлекеттің тауарлы және шикізатты газды сатып алудың басым құқығын іске асыру көзделеді. Бұдан бөлек, газдандырудың бас схемасын әзірлеу мен бекіту жоспарланып отыр. Оның мәні бойынша жұмыс істеп тұрған газбен жабдықтау нысандарын жаңғырту мен жаңаларын салудың жоспары жасалады. Газдандырудың бас схемасын іске асыру газдың ішкі ресурстарының есебінен елді газдандыру жөніндегі стратегиялық міндетті шешуге мүмкіндік береді», - дейді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.

Оның айтуынша, қабылданып отырған заң арқылы газдың ішкі нарығындағы бағаны мемлекеттік реттеу тәртібі бекітіледі. Бұл ретте тауарлық және сұйытылған газ үшін Үкімет бекітетін шекті көтерме сауда бағасын енгізу көзделген.

Жалпы алғанда заң осы саладағы мемелкеттік реттеудің негізгі мақсаттарын, қағидаттары мен міндеттерін айқындайды. Атап айтқанда, тауарлық газды, сұйытылған мұнай мен сұйытылған табиғи газды тасымалдауды, сақтауды, өткізуді есепке алуды мемлекеттік реттеу, ішкі нарықта газды көтерме саудада өткізу бағаларын мемлекеттік реттеу шаралары қамтылады.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика