«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің VII халықаралық HR-конференциясындағы баяндамасы

Құрметті қонақтар және конференцияға қатысушылар!

Құрметті әріптестер!

Астананың төрінде, көктемнің бірінші күні бас қосып отырғанымызға қуаныштымын.

«Самұрық-Қазына» Қорының атынан сіздерге хош келдіңіздер дегім келеді. Жұмыстарыңыз жемісті болсын! Табыс тілеймін! Халықаралық HR-конференцияны жетінші рет өткізіп отырмыз. Бұл жақсы  дәстүрге айналды.

Өздеріңіз білесіздер, кадр саясаты кез келген кәсіпорын жұмысының басты бағыты болып табылады. Дұрыс жүргізілген кадр саясаты еңбек ресурстарын тиімді басқарудың және табысқа жетудің  бұлжымас кепілдерінің бірі.  Осы тұрғыдан алғанда, VII халықаралық HR-конференцияның  мән-маңызы өте зор. Осы конференциядан алған біліміміз Сіздер мен біздердің бірлескен үйлесімді жұмыс істеуімізге қызмет етеді деп сенемін.

Қазір біздің алдымызда жаңа мақсат-міндеттер тұр. Сәт сайын жаңа сынақтардан өтуге тура келеді. Оған дайын болуымыз керек.    

«Самұрық-Қазына» қоры – еліміздегі ауқымы зор әрі   аса маңызды экономикалық қызметті жүзеге асырып отыр. Сондықтан, біз өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуіміз керек.  

Қордың кадрлық қызметі, құрылымдық бөлімшелері кез келген мәселені, оның ішінде шетін жағдайларды сауатты әрі уақтылы шешуге дайын болуы тиіс. Өкінішке орай, біз бұл мәселеде бірқатар кемшіліктердің бар екенін де мойындауымыз керек. Кейбір жағдайларда, қарапайым еңбек адамының алдында бедел жинаудың орнына, еңбек қайшылықтарын қолдан асқындырып алып отырмыз.  Уақтылы шешімін таппаған қайшылықтар кәсіпорын мен адамдардың арасындағы түсініспеушілікке, шиеленіске соқтырып жатыр. Жаңаөзендегі болған жағдай – осының бір көрінісі. Бұл туралы сәл кейінірек тоқталармыз.

Осының бәрі шаруашылықты басқарудағы орын алған кемшіліктің салдары деп ойлаймын.

Қандай шиеленіс болсын, одан шығудың жолдары мен шешімдері бар.  Ол шешімдер барлық тараптардың мүддесін ескере отырып, заңның аясында, кәсіби тұрғыда жасалуы тиіс.   Ол үшін компания менеджерлері кадрлық қызметті, басқару психологиясын, әлеуметтік-еңбек қатынастарын заман талабына сай меңгеруі керек.

Міне, бүгінгі халықаралық конференцияның басты мақсаттарының бірі де – осы. Бүгін біз алда атқарылатын мақсат-міндеттерімізді іске асырудың теориялық, практикалық қадамдарын нақтылап, айқындап алуға тиіспіз. 

 

Құрметті әріптестер!  

 «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры – Қазақстан экономикасының локомотиві. Біз мынаны ешқашан естен шығармауымыз керек, еліміздің экономикасының қарыштап  дамуы, халқымыздың әл-ауқатының жақсара түсуі, елдегі әлеуметтік  ахуалдың орнықтылығы Қордың жұмыс сапасына, яғни сіздер мен біздерге де тікелей байланысты.

Қордың жаңа Стратегиясында да осы мақсат-міндеттер толықтай қамтылған. Ең бастысы, біздің жұмысымыз барынша сапалы, сауатты, ашық болуы тиіс.

VII халықаралық HR-конференцияның аса пайдалы әрі жемісті боларына кәміл сенемін. 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика