«Қазатомөнеркәсіп» АҚ: Компания «Самұрық-Қазына» АҚ алдында есеп берді

2013 жылдың І жартысындағы атқарылған жұмыстар туралы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның есебі 17 қыркүйек күні ҰӘҚ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының отырысында ұсынылды.

Есепті кезеңде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары 10 мың тоннадан астам уран өндіріп, өндірістік жоспарды толық орындап шықты. Дүние жүзілік өнімдегі қазақстандық уранның үлесі 35% құрады.

2013 жыл қортындысы бойынша өнім өндіру көлемі 2012 жылғы деңгейде болып, әлемдік уран өндірісіндегі қазақстандық уранның үлесі шамамен 38% құрайды деп болжануда.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник 2013 жылы табиғи уран нарығындағы ахуалдың тұрақсыздығын атап көрсетті. 2013 жылдың бірінші жарты жылдығы нарықтағы ұсыныстың сұраныстан көптігімен және бағаның тұрақты түрде құлдырауымен сипатталады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары 2013 жылы табиғи уранның нарықтағы бағасының төмендеуінен туындайтын салдарларды барынша азайту, сондай-ақ өндірілетін өнімнің шығынын оңтайландыру мақсатында шығындарды қысқарту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді.

Владимир Школьник өнертапқыштық ұсыныстар жасау мен оларды өндіріске енгізудегі атом компаниясы қызметкерлерінің жоғары белсенділігіне де тоқталып өтті. Былтырғымен салыстырғанда биыл алынған патенттер саны екі есеге артқан.

2013 жылдың ІІ жартысында Өскемен қаласында фотоэлектрлі пластиналар шығаратын зауыт, ал Ақтау қаласында теңіз суын тұщытатын заманауи қондырғы іске қосылатын болады. Қазір осы өндірістік алаңдарда негізгі технологиялық жабдықтарды инсталляциялау жұмыстары аяқталып келеді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2012-2020 жылдарға арналған Даму стратегиясын іске асыру бойынша 2013 жылға белгіленген іс-шаралардың орындалуын баяндады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ базасында трансұлттық, реакторға дейінгі ядролық отын циклында әртараптанған компания құру аясында конверсия, уранды изотопты байыту және отын құрамаларын шығару бойынша жобалар іске асырылуда.

2013 жылдың ІІІ тоқсанында «Уран байыту орталығы» ЖАҚ бірлескен кәсіпорнының изотопты уран байыту жөнінен дүние жүзіндегі ірі кәсіпорын саналатын «УЭХК» ААҚ-ның акцияларын сатып алу мәмілесін аяқтау жоспарланған.

Бейінді емес активтерді қайта құрылымдау бойынша да жұмыстар жалғасуда. Бүгінге дейін 6 нысан өткізілген. 16 нысан жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бейінді емес активтерді өткізудің барысы туралы ақпараттар ай сайын компанияның корпоративті сайтында орналастырып отыр.

Алдағы уақытта «Тау-кен компаниясы» ЖШС-нің «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қосылуы жолымен атом холдингі қайта құрылатын болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2013 жылғы 1 маусымнан бері толықтай ашық тендер әдісімен электронды сатып алуларға көшкен. Бұл компаниядағы тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу мәмілелерін барынша ашық етуге мүмкіндік береді.

 Тақырып бойынша бейне:

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 25 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика