«Астана» велошабандозы Винченцо Нибали «Тур де Франс - 2014» көпкүндігінің жеңімпазы атанды

Қазақстандық «Астана» велокомандасының капитаны Винченцо Нибали айтулы «Тур де Франс» супер көпкүндігінде жалпы есепте жеңіске жетті.

Төркүл дүниенің назарын өзіне аударған «Тур де Франс» кеше Парижді бетке алып, 137,5 шақырымдық соңғы кезең Елисей алаңында мәреге жетті.

Турдың соңғы кезеңінде неміс Марсель Киттель(Giant-Shimano) топ жарды. Норвегиялық Александр Кристофф («Катюша») екінші, литвалық Рамунас Навардаускас (Garmin) үздік үштікті  түйіндеді.

«Тур де Франс» көпкүндігінің жалпы есебінде Винченцо Нибали көш бастады. Жарыс қорытындысында AG2R La Mondiale командасының өкілі Жан-Кристоф Перо екінші, ал FDJ.fr. –дан Тибо Пино үшінші тұғырда.

21-кезеңнен тұратын жарыс жолында Винченцо Нибали екінші жарыс күні сары жейдеге ие болып, оны тек 1 мәрте шешті. Алайда араға 1 күн салып, қайта топ бастаған «Астана» велошабандозына Парижге дейін ешбір спортшы жете алмады. Қазақстан командасының капитаны биылғы «Тур де Франс»-тың төрт кезеңін жеңіп алды.

29 жасарлық Винченцо Нибали барлық үш Гранд-турда да жеңіске жеткен алтыншы айтулы велошабандоз болып табылады. Осыған дейін ол «Вуэльте» (2010) және «Джиро д'Италия» (2013) турларын жеңіп алған.

Сөйтіп, Нибали  француздар Жак Анкетилем және  Бернар Ино, испандық Альберто Контадор, итальяндық Феличе Джимонди мен бельгиялық Эдди Меркс сынды даңқты спортшылар қатарына қосылды.

Әлемдік деңгейдегі «Astana Pro Team» велокомандасы «Самұрық-Қазына» АҚ-мен құрған Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіреді.  

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика