Өмірзақ Шөкеев Қазатомөнеркәсіп ұжымына жаңа басшыны таныстырды

Бүгін, 7 тамыз күні «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ұжымына жаңа басшы, бұрын Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі болып қызмет атқарған Нұрлан Қаппаровты таныстырды.

Жиналғандар алдында сөз алған «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Қаппаровтың кәсіби тұлғасы туралы әңгімеледі. Өмірзақ Шөкеев жаңа басшының энергетика саласында мол тәжірибесі бар екенін, кезінде Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болғанын атап көрсетті.

- Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағалығына Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровты тағайындауды ұсынды. Оның кандидатурасын компанияның Директорлар кеңесі де мақұлдады. Ол Қазатомөнеркәсіптің табысты жұмысын лайықты жалғастырып, компанияның қарқынды инновациялық өсуіне ықпал жасай біледі деген үміттемін, - деді Қор басшысы.

Өмірзақ Шөкеев атап өткендей, Нұрлан Жамбылұлы – кәсіби білікті және дайындығы мол азамат, талантты топ-менеджер және парасатты адам ретінде танымал. «Осы қасиеттердің барлығы оның болашақта үлкен табыстарға жетуіне көмектеседі деген сенімдемін», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы.

Компаниядағы кадрлық ауыс-түйістер 2014 жылғы 6 тамыз күні мемлекетік басқару жүйесіне жүргізілген реформалаудың ізінше болып отыр. Жаңартылған Үкіметте Қазатомөнеркәсіптің бұрынғы басшысы Владимир Школьник басқаратын жаңа Энергетика министрлігіне маңызды рөл бөлінген.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы көреген және білікті басқарушы ретіндегі Владимир Школьниктің таланты, сондай-ақ жақсы жұмыс ұжымын құра білетін қабілеті көбірек қажет болатын жаңа учаскеге жіберілгеніне жиналғандар назарын аударды. «Владимир Сергеевич Қазатомөнеркәсіпті бес жылдан астам уақыт басқарды және осы кезең ішінде компания уран өндіру жөнінен әлемде бірінші орынға шықты, сирек металл және күн энергетикасы сияқты жаңа бағыттарды дамытты. Владимир Сергеевич прогрессивті басшы ретінде өзін танытты десек те болатын шығар. Сол себепті Владимир Сергеевичтің Қазатомөнеркәсіп Басқарма төрағасы қызметіндегі еңбегін бағалау оңай емес», - деді Ө.Шөкеев.

– Владимир Сергеевичтің Энергетика министрі болып тағайындалуы оның кәсіби білімі мен білігіне Мемлекет басшысы тарапынан берілген жоғары баға екенін аңғартады, өйткені алдағы атқарылар жұмыстар ауқымы өте кең, - деді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Ө. Шөкеев сондай-ақ, келешекте Қазатомөнеркәсіп компаниясы да, «Самұрық-Қазына» Қоры да Энергетика министрлігімен берік байланыста жұмыс істейтініне сенім білдірді.

– Мемлекет басшысы белгілеп берген инновациялық бағытты қолдағандарыңыз үшін, сапалы жұмыс атқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандарыңыз үшін әрқайсыларыңызға жеке ризашылық білдіргім келеді. Компанияның алдына, жалпы «Самұрық-Қазына» қоры алдына қойылған барлық міндеттердің орындаларына, ал Қазатомөнеркәсіп өркендеген, табысты компания болып қала береріне сенемін, - деді Владимир Сергеевич өзінің бұрынғы ұжымына қарата.

Мұнан соң ұлттық атом компаниясы қызметкерлері алдында жаңа басшы Нұрлан Қаппаров сөз сөйледі. Ол өзіне осындай үлкен сенім артқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын жеткізді.

- Қазатомөнеркәсіп – жай компания емес, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үздік активтерінің бірі. Президентіміз атом саласын дамытуға айрықша назар аударып келеді, мен де өзіме жүктелген қызметтерді Мемлекет басшысы алдында болсын, «Самұрық-Қазына» АҚ алдында болсын, толығымен орындап шығуға барлық күшімді жұмылдаратын боламын.

Нұрлан Қаппаров сондай-ақ, жаңа Энергетика министрі Владимир Школьникке алғысын айтып, атом компаниясының бұрынғы және қазіргі басшылары еліміздің энергетикалық секторын дамыту мәселесінде бірлесе жұмыс жұмыс жүргізетіндігін атап өтті.

Сондай-ақ Нұрлан Қаппаров ұлттық атом компаниясының ұжымына да сөз арнады: «Мұнда мықты кәсіби біліктілер командасы жиналған. Бүкіл ұжымның жұмыла атқарған жұмысы жеңіске жеткізбей қоймайтындықтан, Қазатомөнеркәсіп сіздердің қолдауларыңыз бен тәжірибелеріңіздің арқасында мұнан да үлкен табыстарға жетеріне сенемін. Әрқайсыларыңыздың мен сияқты Қазақстан Республикасының игілігі жолында жемісті жұмыс істеуге бел буғаны анық».

Анықтама:

Қаппаров Нұрлан Жамбылұлы

Туған күні: 30.03.1970
Туған жері: Алматы қ.
Отбасылық жағдайы:
∙ Үйленген. Екі баласы бар.
Тілдерді меңгеруі:
∙ Қазақ тілі – ана тілі, орысша – еркін, ағылшынша – еркін.
Білімі, мамандығы:
∙ Алматы технологиялық институты (1997), инженер-экономист;
∙ Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебі (2003), мемлекеттік басқару магистрі

Еңбек өтілі:

- «Акцепт» корпорациясы ЖАҚ президенті (1991-1997);

- «ҚазТрансОйл» ЖАҚ президенті (1997-1998);

- «Қазақойл» ЖАҚ президенті (1998-1999);

- «Қазақойл» ЖАҚ президенті (1998-1999);

- «Қазақойл» ЖАҚ президенті (1998-1999);

- ҚР Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі (1999-2001);

- «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы (2003-2007);

- «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы (2004-2012);

- ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі (2012 жылғы қаңтардан);

- ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі (2013 жылғы қарашадан);

- 2014 жылғы 7 тамыздан - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика