«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы 2014 жылғы қыркүйекте 14 компанияны сатуға шығаруды жоспарлап отыр

«Самұрық-Қазына» Компаниялар тобы 2014 жылғы қыркүйекте жеке секторға шығарылатын активтерді сату алдындағы дайындығын аяқтады.      «2014 жылғы қыркүйекте Қор 14 компанияны сатуға шығаруды жоспарлап отыр, қазіргі кезде осы активтерді сатуға дайындау жұмыстары аяқталып келеді». Бұл туралы 10 қыркүйекте, Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова хабарлады.

Оның айтуынша «Қазақстан темір жолы» АҚ құрамынан 9 компания,  «Қазақстан Инжиниринг» АҚ-дан 2 компания, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның          1 еншілес ұйымы және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның екі компаниясы сатуға шығарылмақ.

«Қазақстан темір жолы» АҚ активтері электрондық конкурс тәсілімен сатылады және сату кезінде кәсіпорынның негізгі кәсібін, жұмыс орындарын сақтау талабы қойылады. Өзге активтерді қандай да бір талапсыз, электронды аукционда сату жоспарланып отыр.    

Қордың Басқарма төрағасының орынбасары активтерді сатуды ашық жүргізу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік комитетінің сайтында сатылатын нысандар туралы ақпарат үнемі жаңартылып жатыр. Қор мүдделі инвесторлар арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр, Бағдарлама үшін арнайы ашылған call-орталық жұмыс істейді (+ 7 (7172) 55 22 66).

Сонымен қатар, жекешелендірудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін, «Самұрық-Қазына» АҚ жанынан құрамына Парламент депутаттары, Ұлттық кәсіпкерлік палата өкілдері кірген Қордың активтері мен нысандарын сату жөніндегі комиссия жасақталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2014-2016 жылдардағы жекешелендірудің кешенді жоспарын жасағаны белгілі. Осы ретте Қордың 106 активі мен нысанын, соның ішінде 2014 жылдың аяғына дейін 64 нысанды жекешелендіру жоспарланған. Бағдарлама мемлекеттің экономикаға қатысын азайтып, жеке сектордың үлесін арттыру арқылы оның іргесін нығайтуды көздейді.

 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика