«Самұрық-Қазына» тобының жекешелендіру бағдарламасы аясында «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның құны 2,6 млрд. теңгелік үш активі сатылды

2014 жылдың 10 қазаны күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің электронды алаңында өткізілген кезекті саудада «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ құрамында болған 3 компания сатылды.

«Электронды байқау әдісімен өткізілген саудаға ҚТЖ құрамындағы 7 компания шығарылған болатын. Тіркелген қатысушылардың болмауы себепті «БАС Балхаш 2004» ЖШС, «Биржан-Атырау» ЖШС, «Гасыр-Мангистау» ЖШС, «АК берен» ЖШС сату бойынша электронды сауда «өткізілмеген» деп танылды. Бұл уақытта «Ертыс Сервис» ЖШС, «МАК-Экибастуз» ЖШС, «Казыкурт-Юг» ЖШС жалпы құны 2,6 млрд. теңгеге сатылды»,- деп хабарлады «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Бас директоры Серікбек Елшібеков.

Жекелей алғанда «Ертыс Сервис» ЖШС 703 млн. теңгеге сатылды. Бұл оның сатуға шығарылған бастапқы құнынан  15% жоғары. Ал «Казыкурт-Юг» ЖШС бастапқы бағасынан 1,6 есеге қымбаттап, 960,5 млн. теңгеге сатылды. «МАК-Экибастуз» ЖШС құны бастапқы сауда бағасынан 3,6 есеге қымбаттап, 1,02 млрд. теңгеге сатылды. «Ертыс Сервис» ЖШС сатып алуға 4, «Казыкурт-Юг» ЖШС сатып алуға 7, ал «МАК-Экибастуз» серіктестігін сатып алуға 6 инвестор ниет білдіріп, сауда көрігін қыздырды. Мүдделі инвесторлардың қызу саудаласып, сатуға шығарылған  серіктестік бағасын ұлғайтуы аталған активтерге деген қызығушылықтың жоғары болғандығын аңғартады.

Сатылған компаниялар бойынша тиісті келісім шарттар 2 ай ішінде толық тәмамдалады деп күтілуде. Сауда өткізілмеген деп танылған активтер таяу 10 күннің ішінде қайтадан сатуға шығарылады.

Сатылған «Казыкурт-Юг» ЖШС мен  «Ертыс сервис» ЖШС мұнай өнімдерін тасымалдайтын теміржол цистерналарын  сапарға даярлаумен айналысады. Ал «МАК-Экибастуз» ЖШС қызметтік-техникалық вагондарды күрделі жөндеуден өткізіп, дизелдік және электрпоездарын жөндеп, оларға техникалық қызмет көрсетумен шұғылданған.     

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі  мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп, 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарын әзірлегені белгілі. Қор құрамындағы 106 актив пен нысанды, соның ішінде 64-ін 2014 жылдың соңына дейін жеке меншік сектордың қолына тапсыру көзделген. Бағдарламаны жүзеге асыру ел экономикасындағы мемлекет қатысуын азайтып, іске жеке меншік секторды молынан тарту арқылы оны барынша нығайтуға бағдарланған.

Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы бұған дейін жалпы құны 836 млн. теңгені құрайтын 6 компанияны сатқан болатын.

Таяу уақытта сатылатын барлық компаниялар мен оларды сатуға шығару шарттары туралы толымды ақпарат Қордың ресми сайтында, «Жекешелендіру» айдарына орналастырылған. Сондай-ақ бұл мәліметтерді  Жекешелендіру бағдарламасының операторы болып табылатын «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС сайтынан таба аласыздар.  

Оған қоса, жекешелендірілетін әр актив жайлы толымды ақпаратты + 7 (7172) 55 22 66 нөмерін теріп, call-орталықтан да білуге болады. 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика