ҚазМұнайГаз: тиімді инвестиция тарту

2014 жылдың 30 қазанында  «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ында  ҚМГ және «Самұрық-Қазына» АҚ басшыларының, еншілес және тәуелді ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жөніндегі Кешенді жоспарды орындау шеңберінде әлеуетті инвесторлармен кездесу болып өтті.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының Корпоративтік орталық жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаевтың төрағалық етуімен өткен шара барысында  ҚМГ мен еншілес және тәуелді ұйымдар басшылары жекешелендірілетін активтерді сату ережесін түсіндіріп, барынша тартымды нысандарды таныстырды. Атап өтілгендей, сату бағдарламасын жүзеге асыру ел экономикасына мемлекеттің қатысуын азайтуға және мемлекет негізін жеке сектордың үлес салмағын арттыру есебінен күшейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ҚР Үкіметі «Самұрық-Қазына» АҚ-пен біріге отырып 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жөніндегі Кешенді жоспарды жасағаны белгілі. Тікелей ҚМГ-да  2014 жылдан 2020 жылға дейін 27 компанияны жекешелендіру белгіленіп, оның ішінде үстіміздегі жылдың аяғына дейін жеке секторға жетеуін сатуға шығару жоспарланып отыр.

Осы жұмыс барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ында  активтерді сату жөніндегі салалық комиссия құрылды. «Самұрық-Қазына» Қорының шешімі бойынша 2014 жылы  ҚМГ-ның төмендегі еншілес және тәуелді ұйымдарын сату жоспарлануда:

1.  «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКК ЖШС

1998 жылы 4 желтоқсанда құрылды.Негізгі қызмет түрлері: Каспий теңізінде құйылмалы мұнай жүктерін тасымалдау; ашық теңіздерде құйылмалы мұнай жүктерін тасымалдау; теңіз мұнай жобаларына қызмет көрсету жөніндегі флот қызметтері; жүктердің басқа түрлерін тасымалдау.  2011 жылдан бері Қазақстан Республикасының ұлттық тасымалдаушысы мәртебесін иеленген. ҚТКФ қазір 305 мың тонна жүк тасымалдай алады, кемелер саны – 21.

2. «Евро-Азия Эйр» АҚ

1997 жылы 9 шілдеде құрылды.Негізгі қызмет түрлері: тікұшақпен теңіз ұңғыма қондырғылары мен аралдарға ұшуды орындау, мұнай және газ құбырларына қызмет көрсету бойынша ұшуларды орындау, төтенше жағдайларда апаттық-құтқару жұмыстары және тікұшақпен санитарлық тапсырмалар бойынша ұшу. 

3.  «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ

2002 жылы 23 желтоқсанда құрылды.Негізгі қызмет түрлері – жобалық-зерттеу жұмыстары.Еншілес компаниялары: Атырау қаласында «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ АҚ, Алматы қаласында «ҚМГИ ҒЗО» ЖШС,   Алматы қаласында «Петродата Қазақстан» АҚ, Астана қаласында  «ИРЗА» ЖШС, «KPJV» БК, «ҚМГИ-ҚГМТ» Біріккен Инжинирингтік Компаниясы» БК.

4.  «Қазақ-Британ техникалық университеті» АҚ

  2001 жылы 3 тамызда құрылды. Университет құрылымына  «Д. В. Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институты» АҚ,  « А. Б. Бектұров атындағы химиялық ғылымдар институты» АҚ,  « ҚБТУ мұнайгаз   инжиниринг  және ақпараттық технология институты» ЖШС,   «ҚМГИ ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС кіреді.

5.PALPLAST S.A.

1994 жылы құрылды.  1996 жылы KMG International компаниялар тобына кірді. Негізінен мұнай-газ-су құбырларына, телекоммуникация мен ирригация жүйелеріне арналған полиэтилен құбырлар мен фитингтер жасап шығарумен айналысады. Сибиу (Румыния) қаласында орналасқан.

6.ROMINSERV VALVES IAIFO SRL

Мемлекеттік компания ретінде 1969 жылы құрылды. 2004 жылы KMG International компаниялар тобына кірді. Дизайн жасаумен, сонымен қатар мұнайгаз және мұнайхимия секторында қолданылатын металл индустриалдық және сақтағыш клапандар шығарумен айналысады. Залау (Румыния) қаласында орналасқан.

7. GLOBAL SECURITY SISTEM S.A.

1999 жылы құрылды.  2002 жылы KMG International компаниялар тобына кірді. Өндірістік нысандарды күзетумен, өрт және техникалық қауіпсіздікді қамтамасыз етумен айналысады. Бухарест (Румыния) қаласында орналасқан.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттің мүдделерін білдіретін көмірсутегілерін барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау, жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларының 100%-і «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа тиесілі.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика