«Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық компаниялардағы корпоративтік үдерістерді ұйымдастырудың жаңа стандарттарын енгізіп жатыр

«Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық компаниялардағы корпоративтік үдерістерді ұйымдастырудың жаңа стандарттарын енгізіп жатыр, бұл олардың операциялық қызметінің тиімділігін арттырып, стратегиялық міндеттерін табысты іске асыруына мұрындық болады. Озық халықаралық тәжірибе негізінде жасалған стандарттар (референс үлгілері) бухгалтерлік және салықтық есеп, қазынашылық, адам ресурстарын басқару, ақпараттық технологияларды, мәліметтерді басқару, жедел жоспарлау және т.б. қызметтерді қамтиды.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордағы 6 ірі компания жаңа үдерістер бойынша жұмыс істейді, ең консервативті болжам бойынша ұлттық компаниялар қызметін стандарттаудан түсетін пайда 2020 жылға дейін шамамен 300 млрд теңгені құрайды.

А.Илькявичюс, «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация және арнайы жобалар жөніндегі басқарушы директоры: «Кез келген компанияның сәтсіз қызметі оның күн сайынғы операциялық қызметін тиімсіз ұйымдастыруына, соның ішінде қызметтердің қосарлануына, керексіз міндеттермен айналысуға, штаттың ұлғаюына немесе қажетті саладағы мамандардың жоқтығына байланысты. Осының бәрі компанияларды көп жағдайда жасырын тосқауылдарға ұшыратып, табысты арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттерді шешуіне мүмкіндік бермейді».    

«Біз ұсынып отырған референстік үлгілер әмбебап және оны кез келген қазақстандық ірі компанияда қолдануға болады. Сонымен қатар, олар қызмет түрі тұрғысынан, жекелеген компаниялардың (тау-кен, пошта, энергетика және өзге де салалар) ерекшеліктерін ескермейді. Осы себепті әр компанияның міндеті – оларды өз қажеттіліктеріне қарай бейімдеу», - деп атап өтті А. Илькявичюс.

Бизнеске реинжиниринг жасау мен корпоративті қызметті стандарттау «Самұрық-Қазына» АҚ Трансформация бағдарламасы аясындағы маңызды бастама болып табылады және қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «Самрук-Энерго» АҚ және «KEGOC» АҚ компанияларын қамтиды.       

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика