CDC Malaysia кадрларды оңтайландыруға қатысты тәжірибесімен бөлісуде

Астана мен Алматы қалаларында малазиялық Khazanah холдингінің еншілес құрылымы - CDC Malaysia компаниясының басшылығымен кездесулер өтті.


CDC Malaysia топ-менеджменті «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің шақыруымен, Қордың және оның қоржындық компанияларының  HR-мамандарымен тәжірибе бөлісу үшін келді.  CDC Malaysia негізгі қызметі оңтайландырылатын қызметтерді атқарып келген мамандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. 

Малазиялық компанияның басшысы Шахрин Азми кездесу барысында қызметкерлерді бейімдеу бағдарламалары жайында баяндады, бұл ретте қайта оқыту, жұмыс іздестіруге қолғабыс ету, кәсіпкерлікті дамыту, зейнеткерлікке мерзімінен ертеу шығу үшін қолайлы жағдай жасау және тағы басқа амалдар қолданылады.


«Шын жүзінде, қызметкерлердің басым бөлігі жұмысын және қызмет саласын ауыстыруға дайын, егер олар кез келген жұмысқа қабілетті екендеріне сенімді болса. Ұжымды қайта мамандандыру үрдісінде ең қиыны – психологиялық тосқауылды жеңе білу»,  - деп санайды Шахрин Азми.

CDC басты тәжірибелерінің бірі Malaysia Airlines компаниясындағы оңтайландыру кезінде болған. Дағдарыс салдарынан мұнда қысқартылған 6 мыңға жуық адам CDC командасының қолғабысымен жаңа жұмысқа орналастырылды. «Самұрық-Қазына» тобында жекешелендіру және оңтайландыру бағдарламаларын жүзеге асыру барысында әріптестердің мұндай тәжірибесі қызықты әрі пайдалы болатынын Қор өкілдері атап өтті.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында еңбек қатынастарын реттеумен айналысатын Әлеуметтік әріптестік орталығы CDC Malaysia және өзге жетекші шетелдік компаниялардың тәжірибесін зерттеуді көздейді. Орталықтың басты міндеті – еңбек дауларын шешу ғана емес, сонымен қатар компаниялардағы өзгерістерді болжау және осыған байланысты қызметкерлерді бейімдеу болып табылады. 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика