Астанада «Астана ЭКСПО-2017 және Қазақстанға инвестициялар» қазақстан-қытай бизнес-форумы өтті

23 қыркүйекте, Астанада Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі (бұдан әрі - ҚҚІК) аясында, «Астана ЭКСПО-2017 және Қазақстанға инвестициялар» тақырыбында қазақстан-қытай бизнес-форумы өтті.  Бизнес-форумның ұйымдастырушылары – «Самұрық-Қазына» (бұдан әрі - Қор), ҚХР Халықаралық сауда-саттықты қолдау комитеті, «KAZNEX INVEST» АҚ.

Бизнес-форумға ҚР ауылшаруашылық вице-министрі Гулмира Исаева, ҚХР Халықаралық сауда-саттықты қолдау комитеті төрағасының орынбасары Ван Цзиньчжэнь, ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй, «KAZNEX INVEST» АҚ басшылығы, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Астана ЭКСПО-2017» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкенрлер палатасы өкілдері, сондай-ақ қазақстандық, қытайлық 200 компанияның өкілдері қатысты. 

Шара барысында «Астана ЭКСПО-2017» АҚ өкілдері «Экспо-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық көрмесіне дайындық пен іс-шаралар жоспарының тұсаукесерін жасап, соның ішінде демеушілік, әріптестік және коммерциялық мүмкіндіктерді көрсетті. 

«Самұрық-Қазына» АҚ жаңа салаларды дамыту жөніндегі тең басқарушы директоры Ержан Тұтқышев Қор қызметіндегі жаңа бағыттар мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы әңгімеледі. Е.Тұтқышевтың айтуынша, Трансформациялау бағдарламасы аясында Қор стратегиялық холдинг, белсенді инвестор үлгісіне көшіріліп жатыр. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Жекешелендіру және қайта құру департаментінің директоры Дәурен Тасмағамбетов Жекешелендіру бағдарласмасы аясында Қор тобымен байланыс, ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндап, бұл Бағдарламаның мемлекеттің бизнестегі үлесін азайту үшін қажеттігін айтты. Аталған ұстаным мемлекеттің жеке сектордың үлесін арттыру арқылы экономиканың іргесін нығайту саясатымен сәйкес келеді. 

Өз кезегінде «Kaznex invest»  АҚ басқарушы директоры Дмитрий Ткаченко Қазақстандағы инвестициялық аужай туралы әңгімелеп, Қытайдан Қазақстанға өндірістік қуаттарды көшіру бағдарламасы аясындағы екі жақты ынтымақтастық туралы пікір алмасты. 

Анықтама: ҚҚІК ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы сәуір айында Қытайға жасаған сапары кезінде, екі ел басшыларының тапсырмасы бойынша құрылды. ҚҚІК құрудың мақсаты сауда-экономикалық өзара байланысты арттырып, экономиканың түрлі секторын дамыту болып табылады. ҚҚІК Қазақстан тарапынан төрағасы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев болса, Қытай жағынан төрағасы – «CITIC Group» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэньмин.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика