«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қарағанды облысындағы «Тау-Кен Самұрық» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті

2016 жылғы 30 қыркүйек. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысындағы Алайғыр кен орнында болып, жылына 900 мың тонна кен өңдейтін, соның ішінде 60 мың  тонна қорғасын өндіретін кен байыту комбинатының құрылыс жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны – 238,5 млн. АҚШ доллары.

«Бұл жоба іске қосылса, Қарағанды облысында 550 адамға жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады, - деп атап өтті Ө.Шөкеев – Жоба аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымына салынатын жалпы қаражат 180 миллион теңгені құрамақ».

Жобада қорғасын өңдеуде цианидсіз байыту технологиясы қолданылатын инновациялық шешімдер іске асырылады. Оңтайлы техникалық-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін әлемдік өндірушілердің қазіргі заманғы құрал-жабдықтары пайдаланылатын болады. Жоба қорғасын экспортын ұлғайтуға бағытталған.

Жоба аясында біраз жұмыстар атқарылды: 22 шақырымдық жол салынды, 56,8 мың тонна қорғасын концентратын немесе 32,5 мың тонна қорғасын және 12,7 тонна күміс байытуға болатын технология таңдап алынды. Тау-кен жұмыстарының дайындығы жүргізіліп, JORC халықаралық классификациясы бойынша қор бағаланды, байыту фабрикасы мен инфрақұрылымның жобасы жасалды. 

Сонымен қоса, Ө.Шөкеев Қарағанды қаласындағы «Tau-Ken Temir» ЖШС кремний зауытының жұмысшыларымен кездесті, бұл кәсіпорынды қалпына келтіруді 2015 жылы Қордың еншілес компаниясы «Тау-Кен Самұрық» АҚ қолға алған болатын.  Зауыттың өндірістік кешенінде екі кенді қыздырып өңдейтін пеш, сондай-ақ электр пештері нарығындағы жетекші неміс компаниялардың бірі SMS SIEMAG жабдықтары бар.

«Кәсіпорынды қалпына келтіргеннен кейін 400 жұмысшыны зауытқа қайта алдық. Зауыт өнімдері Германия мен АҚШ-қа экспортқа жөнелтілетін болады», - деді «Тау-кен Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов.

«Tau-KenTemir» ЖШС 2016-2017 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр, ол бойынша қосымша ғимараттар, лабораториялар, шихталық материалдар қоймасын салу, технологиялық құрал-жабдықтарды жаңарту көзделген.

Анықтама:«Қарағанды облысындағы Алайғыр кен орнында полиметаллдық кен өндіру» инвестициялық жобасын «Алайғыр» БК» ЖШС іске асырып жатыр, ол  - «Тау-Кен Самұрық» АҚ ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны. Алайғыр кен орыны Қарағады облысындағы Қарқаралы және Шет аудандарының шекарасында, Қарағанды қаласынан 130 шақырымда орналасқан. Кен қоры 18,5 млн. тонна, металл - 1 млн. тонна қорғасын, күміс  - 483 тонна.

«Tau-Ken Temir» ЖШС бірегей акционері «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы болып табылады. «Tau-Ken Temir» ЖШС кремний зауытының шикізат базасы 
Жезқазған қаласынан 130 шақырымда орналасқан Ұлытау ауданындағы Ақтас кварц кен орны. Бұл жердің кварцының тазалығы жоғары болғандықтан, жоғары маркалы кремний шығаруға таптырмайтын шикізат. Кен орнындағы кварцтың жалпы қоры 4 млн. тонна, жылына өндірілетін өнім көлемі 72 мың тонна желілі кварцты құрайды. Зауыттың газтазартқыш жабдықтарының шығатын газдағы тозаңды 99% аулайтын жоғары мүмкіндігі бар. Шығатын газдан соң қалатын микрокремнеземді берік әрі ұзақмерзімді, жаңа буындағы бетондарды жасауға пайдалануға болады. 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика