«Самұрық-Қазына» АҚ жекешелендіру бағдарламасы аясында электрондық сауданың онлайн-трансляциясын өткізді

2016 жылғы 19 қазанда «Самұрық-Қазына» АҚ  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін электрондық сауданың онлайн-трансляциясын өткізді. Мысал ретінде заңнамаға сәйкес ағылшын аукционы арқылы (баға көтеріледі) «Қазақстан темір жолы» АҚ жеті активі бойынша алғашқы сауда көрсетілді.

«Электрондық аукцион сатудың жариялы әрі түсінікті тәсілі болып табылады. Өйткені адамдық фактор ықпал етпейді. Кез келген жеке және заңды тұлғалар, жалпы еліміздің барлық азаматтары қатыса алады, - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді жекешелендіру және оңтайландыру департаментінің директоры Дәурен Тасмағамбетов. – Жалпы жекешелендіру бағдарламасы аясында Қор тобында 2016 активті сату көзделген. Бірінші кезекте сатуға екінші тізімдегі компаниялар шығарылады, олардың саны – 172. Негізінен, олар электрондық түрде сатылады. 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді жекешелендіру жоспары шеңберінде жалпы құны 7.4 млрд. теңгеден асатын 39 актив сатылды».

Электрондық аукцион – сатылып жатқан актив үшін ең жоғары бағаны ұсынған қатысушының жеңісімен аяқталатын сауда. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, компаниялар саудаға үш рет шығарылады – бірінші рет баға жоғарылайды, екінші және үшінші рет – төмендейді. Егер үш сауда нәтижесінде актив сатылмай қалса, жекешелендіру жөніндегі салалық комиссия оны қайта құрылымдау туралы шешім шығарады.

Саудаға қатысу үшін, әлеуетті инвестор gosreestr.kz порталында тіркеліп, өтініш беріп, кепілдік жарнаны енгізуі тиіс. Тиісті уақытта электрондық аукцион ашық деп жарияланады, алайда аукцион залында қатысушылардың саны екіден кем болмауы керек.

«Біздің жүйе ашық әрі жариялы, қазіргі уақытқа дейін біздің алаңда өткен саудаға қатысты ешкім шағымданған емес, - деді «Ақпаратық-есептік орталық» АҚ басқармасының төрағасы Жанасыл Оспанов – Тәуекелдерді азайту мақсатында кепілдікті жарналардың түсуі туралы ақпарат біздің жүйемен қорғалған. Статистика бойынша, қатысушылардың көбі қабылдау мерзімі аяқталуға таяғанда  өтініш береді. Осылайша, соңғы сәтке дейін біз аукционның қалай өтетінін білмейміз, өйткені өтініштерді қарау мүмкіндігі саудаға дейін шектеулі». 

19 қазанда «Қазақстан темір жолы» АҚ 7 активі сатуға шығарылды: «Бас-Балхаш 2004» ЖШС 100% үлесі,  «МАК-Екібастұз» ЖШС, «Көліктік қызмет орталығы» АҚ, «Рауан Бурабай» ЖШС, «Магистраль-Қызметi» ЖШС,  «БК «КазЭлектроПривод» БК» ЖШС 50% үлесі мен «Өңірлік форвардтық логистика» ЖШҚ 90% қатысу үлесі. Электрондық сауда нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Активтерді сату мәселелері жөніндегі комиссиясы бұл кәсіпорындарды екінші рет электрондық аукционға шығармақ. Активтерді сату «Самұрық-Қазына» АҚ активтерін сату және қайта құрылымдау бірыңғай ережелеріне сәйкес жүзеге асады. Заңнама бойынша екінші электрондық аукцион бағаны төмендеу жағдайында өткізіледі. Электрондық аукцион үш рет өткізіледі, келесі саудаға қою жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асады.  

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика