ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудағы «Самұрық-Қазына» АҚ ролі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудағы «Самұрық-Қазына» АҚ ролі»  тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Қаржы және бюджет, экономикалық реформа және өңірлік даму комитеттерінің мүшелері; «Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджменті; Қордың қоржын компанияларының жетекшілері; «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы сараптамалық-консультативтік кеңестің өкілдері және т.б. қатысты.

Депутаттар алдында сөз алған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев құрылғаннан бері Қор салық пен өзге төлемдер түрінде 7,9 трлн теңге төлеп,  Бірегей акционерге (ҚР Үкіметі) дивиденд пен өзге үлестірімдер түрінде 716 млрд теңге төлегенін атап өтті. Таза пайдадан акционерге төленген дивидендтер мен басқа да үлестірімдер бойынша «Самұрық-Қазына» көрсеткіші әлемнің үздік қорларының көрсеткіштеріне шамалас. 

Өмірзақ Шөкеевтің айтуы бойынша, 2013-2015 жылдар арасында Қор ағымдағы шығындарды қысқартып, 150 млрд. теңге үнемдеді. Тиімділікті арттыруға бағытталған корпоративтік қазынашылық және электрондық сатып алу жүйесін енгізу мен бейінді емес активтерді сату бастамалары үш жылда 200 млрд. теңгеден астам пайда әкелді. Қор компаниялары құны 12 млрд. теңге болатын бейінді емес активтерді сатты.

Шара барысында депутаттар алдында Қордың бірнеше қоржын компаниясының жетекшілері сөз сөйледі. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев компанияның стратегиялық мақсаттары туралы айтты. 2015 жылы мұнай мен конденсат өндіру көлемі 22,7 млн. тонна болса,  2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 35 млн. тоннаға жетеді. ҚМГ қазіргі уақытта интеллектуалды кен орындары мен өндірісті оңтайландыруды зерделеуге және мұнай өндіруді есепке алуға арналған IT-жүйелерді енгізіп жатыр.

«Қазпочта» АҚ басшысы Бағдат Мусин қазіргі кезде компания бөлімшелерінің 35%-ы қалада, 65%-ы ауылда екенін атап өтті. «Ауылдық бөлімшелердің шығыны көп болса да біз өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді сезінеміз және ауылдық жердегі жұмысты жалғастыра береміз. Бөлімшелердің пайдасын арттыру үшін агенттік қызметтерді көбейттік, оның ішінде несиелер беру, сақтандыру, темір жол билеттері, лотерея билеттері, EXPO-2017 көрмесіне билеттер сату бар»,- деді ол.  

Екі жыл бұрын іске қосылған Трансформация бағдарламасының нәтижесінде 8 қоржын компания шетелдегі өзі тектес компаниялардың деңгейіне жететін болады, активтер құны  жыл сайын 8-12% -ға өсіп, Қордың 12 ірі компаниясы 2020 жылға қарай EVA бойынша оң көрсеткішке қол жеткізеді. 

Трансформация аясында Қордың негізгі мақсаттарының бірі – капиталды қайтару көрсеткішін арттыру. Дағдарысты 2015 жылдың нәтижесі бойынша бұл көрсеткіш «Khazanah», «Тemasek» және «Мubadalа» қорларында сәйкесінше 2,9%, 4,9% және 0,7% тең болды. «Самұрық-Қазына» Қорының көрсеткіші 3,3%, бұл «Khazanah» және «Мubadala» көрсеткіштерінен жоғары. Қордың ендігі мақсаты капиталды қайтару көрсеткішін «Тemasek» деңгейіне жеткізу.

2016-2020 жылдары Қор жаңа салаларға жыл сайын 50-80 млрд. теңге инвестиция құяды. Бұл жобалардың құрылысы кезінде 9 мың жұмыс орнын, іске қосылғаннан кейін 8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Қор активінде қарқынды өсіп келе жатқан бес компания бар, олар мұнайгаз-химия мен агрохимия кластерін құрайды; қазіргі заманғы технологияларды талап ететін, байытылуы қиын кен орындарын игереді; коммерциялық тұрғын үй құрылысы саласындағы жобаларды жүзеге асырады және т.б.

«Самұрық-Қазына» қоры ірі мемлекеттік бағдарламалардың басты орындаушысы болып табылады. Индустриалды-инновациялық дамудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында Қор құны $26 млрд болатын 11 жобаны іске асырып жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасына Қордың құны $2 млрд болатын 7 жобасы енгізіліп отыр.  

 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика