2016 жылдың тоғыз айындағы қаржылық нәтижелер

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ БӨ», «Компания») 2016 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталған тоғыз айға арналған қысқартылған топтастырылған аралық қаржылық есебін жариялады.

· 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында түсім 515 млрд. теңгені (1 496 млн АҚШ доллары[1]) құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47%-ға жоғары. Табыс көлемінің өсуі негізінен мұнай процессингі схемасына ауысуына және Брент бағасының 24%-ға төмендеуімен ішінара өтелген теңгеніңАҚШ долларына шаққандағы орташа айырбастау бағамының 76%-ға артуына байланысты.

· 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында таза пайда 76 млрд теңгені (220 млн АҚШ доллары), ал операциялық қызметтен түсетін таза ақша ағындары 108 млрд. теңгені (314 млн АҚШ доллары) құрады.  

· 2016 жылғы 30 қыркүйекте таза ақша қаражатының сомасы[2]1 145 млрд теңгені (3,4 млрд АҚШ доллары) құрады, бұл 2016 жылдың 30 маусымдағы таза ақша қаражатының сомасымен салыстырғанда 81 млрд. теңгеге көп.

Өндірістік көрсеткіштер

ҚМГ БӨ «Қазгермұнай» БК» ЖШС (ҚГМ), «CCEL» (CCEL) және «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) компанияларындағы үлестерді есепке алғанда, 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында     9 134 мың тонна (тәулігіне 246 мың баррель) мұнай өндірді, бұл 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстарғанда 1,2 %-ға кем.

«Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) 4 181 мың тонна (тәулігіне 112 мың баррель) мұнай өндірді, бұл өткен жылдың мұндай кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ)               2 122 мың тонна (тәулігіне 57 мың баррель) өндірді, бұл 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1%-ға көп. Нәтижесінде ӨМГ және ЕМГ жалпы өндіру көлемі 6 303 мың тоннаны (тәулігіне 169 мың баррель) құрап, 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артық болды.

ҚМГ БӨ-нің CCEL, ҚГМ және ПҚИ компанияларындағы өндіру үлесі 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 2 831 мың тоннаны (тәулігіне 77 мың баррель) құрады, бұл 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6%-ға кем, бұл ең алдымен ПҚИ-да мұнай өндіру деңгейінің төмендеуімен байланысты.

Шикі мұнай жеткізілімдері және мұнай өнімдерін сату

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында  ӨМГ  және ЕМГ шикі мұнайын сату көлемі 6 283 мың тоннаны (тәулігіне 166 мың баррель) құрады, оның ішінде 3 743 мың тонна (тәулігіне 99 мың баррель) мұнай экспортқа шығарылды, бұл жалпы сатылым көлемінің 60 % құрайды; және 2 540 мың тонна (тәулігіне 67 мың баррель) шикі мұнай ішкі нарыққа өткізілді. Бұдан басқа, 4 мың тонна мұнай өнімдері ішкі нарыққа сатылды. Бұл мұнай өнімдері дербес процессинг схемасы бойынша көлемдерге енгізілген жоқ, себебі олар Компания жаңа схемаға ауысқанға дейін өңделген болатын.    

ӨМГ және ЕМГ ішкі нарыққа жеткізген 2 540 мың тонна (тәулігіне 67 мың баррель) шикі мұнайдың 1 981 мың тоннасы (тәулігіне 52 мың баррель) Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) және 559 мың тоннасы (тәулігіне 15 мың баррель)  Павлодар мұнай-химия зауытына (ПМХЗ) жөнелтілді.  

2016 жылдың бірінші тоқсанында, мұнайдың дербес процессингі схемасына ауысуына дейін, ішкі нарыққа жеткізілімдер 830 мың тонна мұнайды құрады. 2016 жылдың екінші және үшінші тоқсанында бұдан әрі өңдеу үшін ішкі нарыққа 1 710 мың тонна шикі мұнай жеткізілді.   

2016 жылғы сәуір айынан бастап Компания ішкі нарыққа жеткізілімдер бойынша міндеттерін орындау үшін мұнайдың дербес процессингі схемасына өтті. Жаңа схемаға сәйкес ҚМГ БӨ өңдеу үшін мұнайды АМӨЗ бен ПМХЗ-ға жеткізеді, кейіннен шығарылған мұнай өнімдері «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ (ҚМГ ӨМ) арқылы сатылымға түседі, бұл жерде ҚМГ ӨМ сату жөніндегі агент болып табылады.

2016 жылдың екінші және үшінші тоқсанында өңдеуден кейін алынған мұнай өнімдерін сату схемаға сәйкес 1 519 мың тонна мұнай өнімдерін құрады.

CCEL, ҚГМ және ПҚИ компанияларының сату көлеміндегі ҚМГ БӨ-нің үлесі 2 769 мың тонна мұнайды (тәулігіне 75 мың баррель) құрады, оның 1 416 мың тоннасы (тәулігіне 37 мың баррель) экспортқа шығарылды, бұл – компаниялардың жалпы сату көлемінің 51%-ын құрайды. Ішкі нарыққа 1 353 мың тонна (тәулігіне 38 мың баррель) мұнай сатылды.

Кезеңдегі таза пайда

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында таза пайда 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі 138 млрд. теңгемен (703 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда, 76 млрд теңгені (220 млн АҚШ доллары) құрады. Бұл ретте, 2015 жылдың тоғыз айындағы таза пайда 262 млрд. теңге (1 336 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі оң бағам айырмасынан түскен кірісті қамтыды.

2016 жылдың үшінші тоқсанындағы таза пайда 2016 жылдың бірінші және екінші тоқсанындағы, тиісінше, 0,9 млрд. теңге (3 млн АҚШ доллары) және 16 млрд. теңгемен (47 млн АҚШ доллары) салыстырғанда, 58 млрд теңгені (170 млн АҚШ доллары) құрады. 2016 жылдың сәуірінен бастап мұнай процессингі схемасына өтуіне және сот органдарының шешімдері мен салық заңнамасындағы өзгерістерінен туындаған салықтардың төмендеуіне байланысты таза табыс арта түсті.

Түсім

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында түсім 515 млрд. теңгені (1 496 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 47 %-ға жоғары. Түсімнің өсуі негізінен мұнай процессингі схемасына өтуіне және Брент бағасының 24%-ға төмендеуімен ішінара өтелген теңгеніңАҚШ долларына шаққандағы орташа айырбастау бағамының 76%-ға артуына байланысты.

2016 жылдың екінші-үшінші тоқсандарында мұнай өнімдерін сатудан түскен таза түсім (процессинг және сатумен[3] байланысты барлық шығындарды шегергенде) бағасы АМӨЗ-ге мұнай тоннасы үшін 39 859 теңгені, ПМХЗ-ға мұнай тоннасы үшін 48 433 теңгені құрады.

2016 жылғы қазанда Компания 2016 жылдың бірінші тоқсанына АМӨЗ-ге мұнай тоннасы үшін 14 421 теңге және ПМХЗ-ға мұнай тоннасы үшін 28 384 теңге деңгейіндегі бағаларды келісті. Осы бағалар түпкі қорытындыда Компанияның Тәуелсіз атқарушы емес директорларының қалауы бойынша өзгеруі мүмкін.

Өндірістік шығындар

Өндірістік шығындар 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 195 млрд теңгені (568 млн. АҚШ доллары) құрады, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға жоғары. Бұл ең алдымен 2016 жылдың сәуірінен бастап мұнайдың дербес процессингі схемасына ауысуына байланысты мұнайды өңдеу шығыстарының өсуі салдарынан болды, бұл қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарын 5%-ға төмендетумен өтелді. Мұнай өңдеу тарифі  АМӨЗ-де бір тонна үшін 20 501 теңгені және ПМХЗ-да бір тонна үшін 14 985 теңгені құрайды.

Қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарын 5%-ға төмендету негізінен 2016 жылдың алғашқы тоғыз айы үшін жылдық бонустар бойынша есептеулердің болмауы және ӨМГ мен ЕМГ-нің жер қойнауын пайдалануға келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту салдарынан 2015 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 4,8 млрд теңгеге актуарлық міндеттемелерді есептеу нәтижесінде болды, бұл 2016 жылдың қаңтар айынан бастап өндірістік қызметкерлердің айлық жалақысын 7%-ға индексациялау нәтижесінде шығындардың өсуін ішінара өтеді.

Сату шығындары және әкімшілік шығындар

Сату шығындары және әкімшілік шығындар 2016 жылдың бірінші тоғыз айында 95 млрд теңгені (275 млн АҚШ доллары) құрады, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға көп, бұл негізінен айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша есептеулердің азаюымен өтелген көлік шығыстарының артуына байланысты болды.

Тасымалдау шығындарының өсуіне теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа айырбастау бағамының 76 %-ға артуы басты себеп болды, өйткені Каспий Құбыржелісі Консорциумы (КҚК) маршруты бойынша тасымалдау тарифтері негізінен АҚШ долларында деноминацияланған. Сондай-ақ, шығыстардың артуы ішкі нарыққа тарифтердің 21 %-ға ұлғаюына байланысты.

ҚМГ БӨ мен ҚМГ ӨМ арасындағы мұнай өнімдерін сату жөніндегі кепілдеме шарты бойынша шығыстар 2016 жылдың екінші-үшінші тоқсандарында 3,6 млрд. теңгені құрады. Компания кепілдеме шарты бойынша шығыстар 2016 жылдың ішінде 5,4 млрд. теңге деңгейінде болады деп болжайды.

Табыс салығынан басқа салықтар

Табыс салығынан басқа салықтар 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 116 млрд. теңгені (337 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 %-ға төмен. Салықтардың төмендеуі ренталық салық пен пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) бойынша шығындардың азаюына байланысты, бұл экспорттық кедендік бажы (ЭКБ) бойынша шығыстардың өсуімен ішінара өтелді.   

ЭКБ өсімі негізінен Компанияның 2016 жылдың сәуірінен бастап мұнайдың дербес процессингі схемасына ауысуы нәтижесінде шикі мұнай экспорты көлемдерінің 13 %-ға және мұнай өнімдері экспортының ұлғаюына, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа айырбастау бағамының өсуіне байланысты болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі мұнайдың бір тоннасы үшін 66 АҚШ долларынан 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында бір тонна үшін 37 АҚШ долларына дейін ЭКБ орташа ставкасының азаюымен ішінара өтелді. 

Брент бағасының төмендеуі ренталық салықтың құбылмалы ставкасының азаюына және ренталық салық пен ПҚӨС үшін салық базасының азаюына әкелді, бұл теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа айырбастау бағамының өсуімен ішінара өтелді. 2016 жылдың үшінші тоқсанында ПҚӨС мен ренталық салық тиісінше 11,5 млрд теңгеге және 6,3 млрд теңгеге қосымша төмендеді (төменде қараңыз).

ӨМГ үшін ПҚӨС ставкасының төмендеуі

2016 жылғы қыркүйекте ӨМГ кен орындары үшін ПҚӨС ставкалары ӨМГ 2016 жылы кен орындары салықтық есепке алу бойынша залалды мойындайды деген шартпен барлық 2016 жылға 9,0 % мөлшерінде (2015 жылдағы 13,0 %-бен салыстырғанда) белгіленді.  Қазіргі кезде басшылық ӨМГ 2016 жылғы салық декларациясында салық салынатын залалды жариялайды деп болжайды, осылайша, ПҚӨС 9,0 % мөлшерлеме бойынша мақұлданды.

2016 жылдың 9 айы ішінде ПҚӨС ставкасын азайту тиімділігі 11,5 млрд теңгеге тең болды, осы сома 2016 жылдың үшінші тоқсанында көрсетілді. Қолжетімді жеңілдіктің ең көп мөлшері 2016 жылы шамамен 17 миллиард теңгені құрайды деп күтіледі, бұл түпкі қорытындыда 2016 жылдың нәтижелері бойынша ӨМГ-нің салық салынатын кірісі болған кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес азайтылуы мүмкін. 

2012 – 2013 жылдар үшін ренталық салықты қайта қарау

2016 жылы ренталық салықты есептеу әдістемесіне қатысты салық заңнамасына өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістердің және салық органдарымен хат алмасудың негізінде Компания 2012 – 2013 жылдар үшін салық декларацияларын қайта қарады. Нәтижесінде, ренталық салық бойынша ағымдағы міндеттемелер 6,3 млрд теңгеге төмендеді.

2006-2008 жылдардағы салық тексерістері

Бұрын хабарланғандай, 2006 – 2008 жылдары өткізілген салық тексерістеріне байланысты салық талаптары 5,4 млрд. теңгеге, оның ішінде Жоғарғы Соттың қаулысына сәйкес 4,1 млрд. теңгеге және 2016 жылғы қазанда күтіліп отырған Астана қаласының әкімшілік сотының шешіміне сәйкес 1,3 млрд. теңгеге азаяды деп күтілді.  

2016 жылғы тамызда Жоғарғы Сот 2006 – 2008 жылдардағы салық тексерістеріне байланысты салық талаптарын 4,1 млрд теңгеге азайту туралы қаулы шығарды, оның ішінде 2,4 млрд теңге негізгі сома (табыс салығы) және 1,7 млрд теңге өсімпұл. 2016 жылғы қазанда Астана қаласының әкімшілік соты Жоғарғы Соттың шешімі негізінде әкімшілік айыппұл сомасын 3,6 млрд. теңгеге азайту туралы қаулы қабылдады. Осылайша, 2016 жыл ішінде азайтылған салық талаптарының жалпы мөлшері 7,7 млрд. теңгені құрады.

Компания 4,1 млрд теңге мөлшеріндегі азайтуды 2016 жылдың тоғыз айына арналған қаржылық есебінде көрсетті. 3,6 млрд теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл сомасының азаюы Астана қаласы әкімшілік сотының шешімі өзінің заңды күшіне енгеннен кейін танылады.

2006 – 2008 жылдардағы салық тексерістеріне байланысты толық ақпаратпен Компанияның қаржы есептілігінің 17-ескертуінен танысуға болады.

Қайтаруға жататын ҚҚС

Компания 2016 жылғы қазанда 57,4 млрд теңге (174 млн АҚШ доллары) мөлшерінде ҚҚС-ты қайтаруға өтініші бойынша оң шешімі нәтижесінде 24,6 млрд теңге (71 млн АҚШ доллары) алды. Осы өтініш 2012 – 2015 жылдар үшін ҚҚС-ты қайтаруға, оның ішінде 2012 жылы ӨМГ мен ЕМГ-нің құрылуына байланысты берілді. ҚМГ БӨ қалған соманы өндіріп алу үшін мүдделі тараптармен жұмысты жалғастыруға ниетті.

2015 жылғы 4-тоқсанда Компания кірістер мен залалдар туралы есепте 46,6 млрд теңге сомасына бағалау резервін құрды. Компания 2016 жылдың тоғыз айына арналған қаржылық есепте ҚҚС бойынша бұрын есептеген резервіден 24,6 млрд теңгені қалпына келтірді.

Күрделі салымдар

Күрделі салымдар[4] 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 72 млрд теңгені (209 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 4 %-ға кем. Күрделі салымдардың азаюы қызмет көрсетушіден 15% жеңілдік алу нәтижесінде «ӨМГ» АҚ-да эксплуатациялық бұрғылау бағасы мен көлемдерінің азаюына байланысты болды, бұл «ЕМГ» АҚ-да өндірістік нысандарды салу мен жаңғыртуға және іздеу-барлау бұрғылауға салынған күрделі салымдардың артуымен ішінара өтелді.

Компания күрделі салымдарды 2016 жылы 103 млрд теңге (286 млн АҚШ доллары[5]) деңгейінде жоспарлап отыр.

Операциялық қызметтерден ақша ағымдары

Операциялық қызметтен таза ақша ағымдары 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 2015 жылдың сәйкес кезеңінде 15 млрд теңге (76 млн АҚШ доллары) деңгейіндегі таза ақша ағымдарымен салыстырғанда 108 млрд теңгені (314 млн АҚШ доллары) құрады. Өсім негізінен ақшалай емес баптарға түзетілген кіріс өсімі және 2016 жылғы үшінші тоқсан ішінде сауда және өзге де операциялар бойынша дебиторлық берешектің азаюы есебінен болды.

Сауда және өзге де операциялар бойынша дебиторлық берешек

ҚМГ ӨМ 2016 жылғы шілде айында 44 млрд теңге мөлшеріндегі мерзімі өтіп кеткен дебиторлық берешекті толық көлемде өтеді. Нәтижесінде, Компанияның сауда дебиторлық берешегі 2016 жылғы үшінші тоқсаны ішінде 2016 жылғы екінші тоқсанның соңындағы 117 млрд теңгеден (346 млн АҚШ доллары) 59 млрд теңгеге дейін (176 млн АҚШ доллары) азайды.

Ақша қаражаттары және қарыздар

2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ақша қаражаты мен оның баламалары 2015 жылдың 31 желтоқсандағы 237 млрд теңгемен (0,7 млрд АҚШ доллары) салыстырғанда, 213 млрд теңгені (0,6 млрд АҚШ доллары) құрады. 2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша өзге қаржы активтерінің сомасы 2015 жылдың 31 желтоқсандағы 868 млрд теңгемен (2,6 млрд АҚШ доллары) салыстырғанда, 942 млрд теңгені (2,8 млрд АҚШ доллары) құрады.

2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ақша қаражаты мен қаржы активтерінің 97%-ы шетел валютасында (негізінен АҚШ долларында), 3%-ы теңгеде деноминацияланды. Ақша қаражаты, қаржылық және өзге активтер бойынша есептелген қаржылық кіріс 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі 18 млрд теңгемен (93 млн АҚШ доллары) салыстырғанда, 2016 жылдың бірінші тоғыз айында 22 млрд теңге (64 млн АҚШ доллары) құрады.

Қарыздар сомасы 2015 жылғы 31 желтоқсандағы 12 млрд теңгемен (34 млн АҚШ доллары) салыстырғанда, 2016 жылғы 30 қыркүйекте 10 млрд теңге (30 млн АҚШ доллары) құрады.

Таза ақша қаражаттарының сомасы[6] 2015 жылғы 31 желтоқсандағы 1,093 млрд теңгемен (3,2 млрд АҚШ доллары) салыстырғанда, 2016 жылғы 30 қыркүйекте 1 145 млрд теңгені (3,4 млрд АҚШ доллары) құрады. 2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша таза ақша қаражатының сомасы 2016 жылғы 30 маусымдағы таза ақша қаражатының сомасымен салыстырғанда 81 млрд теңгеге көп.  

Қауымдасқан компания мен бірлескен кәсіпорындардың нәтижелеріндегі үлес

2016 жылғы алғашқы тоғыз айында қауымдасқан компания мен бірлескен кәсіпорындардағы үлестерден болған шығын 2015 жылдың бірінші тоқсанындағы 3,5 млрд теңге (18 млн АҚШ доллары) көлеміндегі шығынмен салыстырғанда, 7,6 млрд. теңгені (22 млн. АҚШ доллары) құрады.

Қазгермұнай

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ ҚГМ-дағы үлесінен 4,0 млрд. теңге (12 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі кірісті есебінде көрсетті. Осы сома ҚГМ таза пайдасындағы Компанияның 50 % үлесін көрсетеді, бұл лицензияның әділ құнына амортизация әсерін және 3,1 млрд. теңге (9 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі кейінге шегерілген  тиісті салықты есептемегенде, 7,1 млрд теңгені (21 млн АҚШ доллары) құрайды.

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында АҚШ долларындағы ҚГМ таза пайдасы 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға кеміді, бұл негізінен Брент маркалы мұнайдың орташа бағасының 24%-ға және ішкі нарыққа жеткізілім бағасының құлдырауы салдарынан түсімнің азаюы, сондай-ақ сату көлемінің азаюы нәтижесінде болды.  

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚГМ 2015 жыл үшін ҚМГ БӨ-ге дивиденд ретінде 37,5 млн АҚШ долларын төледі.

ПетроҚазақстан Инк.

2016 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ ПҚИ компаниясындағы өзінің үлесінен 10,6 млрд. теңге (31 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі шығынды есебінде көрсетті.  Осы сома ПҚИ-дің таза шығынындағы Компанияның 2,2 млрд теңгені (6 млн АҚШ доллары) құрайтын 33 %-дық үлесін, сондай-ақ 8,4 млрд теңге (24 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі лицензиялардың әділ құнына амортизация әсерін көрсетеді.

АҚШ долларымен ПҚИ компаниясының таза шығыны өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 102 млн АҚШ доллары көлеміндегі таза шығынмен салыстырғанда, 2016 жылдың бірінші тоғыз айында 19 млн АҚШ долларын құрады. Бұл негізінен Брент маркасы орташа бағасының 24%-ға төмендеуі салдарынан ішінара өтелген көлік және операциялық шығындардың азаюына, табыс салығы мен айыппұлдардың кемуіне, сондай-ақ мұнай өндірудің төмендеуі нәтижесінде сату көлемінің азаюына  байланысты болды.

ПҚИ 2016 жылдың үшінші тоқсанында соңғы 7 тоқсан ішінде алғаш рет 6 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі таза пайданың оң деңгейіне шықты.

CCEL

Компания 2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша өзінің балансында 33,4 млрд теңгені (99 млн. АҚШ долларын) CITIC Resources Holdings Limited компаниясымен бірлесіп бақыланатын ССEL компаниясынан алынатын шот ретінде көрсетті.  2016 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ 26,87 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі ССЕL компаниясынан алынатын жылдық басым кірістің бір бөлігін білдіретін 3,6 млрд. теңге (10,4 млн. АҚШ доллары) мөлшерінде пайыздық кірісті есептеді.

***

2016 жылдың 30 қыркүйекте аяқталған тоғыз ай үшін қысқартылған топтастырылған аралық қаржылық есеп, сондай-ақ қаржылық жағдайдың талдауы мен қаржы-экономикалық қызметтің нәтижелері Компанияның веб-сайтында (www.kmgep.kz) жарияланады.


пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика