«Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджменттегі өзгерістер туралы хабарлайды

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі – Қор) Қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры-Басқарма мүшесі Елена Бахмутова басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнынан кетті.

Елена Бахмутова Қорда 2012 жылдың қаңтарынан бастап басқарма төрағасының орынбасары, 2016 жылдан бері басқарушы директор-басқарма мүшесі болып қызмет істеді, Қордың қаржылық тұрақтылығы, корпоративтік қаржы, инвестициялық және бюджеттік саясат салаларын үйлестірді.

«Елена Леонидовна дағдарыс жылдарында Қордың қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көп еңбек сіңірді, - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, – Оның қаржы саласындағы тәжірибесі мен кәсібилігінің арқасында Қор меншігіндегі екінші деңгейлі банктердің мәселесі оңды шешілді. 2014 жылы Қор «БТА Банк» АҚ, «Темiрбанк» АҚ және «Альянс Банк» АҚ акционерлері қатарынан шығып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларды бәсекелестік ортаға берді. Осындай жоғары білікті маманмен бірге қызмет істеу біз үшін мақтаныш әрі үлкен мектеп болды. Елена Леонидовнаға алдағы уақытта да жаңа биіктер мен табыстар тілейміз!»

Қорды трансформациялау аясында, Е.Бахмутованың басшылығымен, Қазыналық қызметті басқарудың мақсатты үлгісінің жобасы жүзеге асырылды. «Басқару есептілігі жүйесін жаңғырту» жобасы шеңберінде жедел есептілікті визуализациялау тетіктері (Dashboards) енгізілді. Бюджет үдерістеріне, бухгалтерлік және салықтық есепке, сондай-ақ, мәліметтерді басқару, бизнес-сараптама мен жалпы есептілікке реинжиниринг жасалды.

Қордың Қаржы және операциялар жөніндегі уақытша басқарушы директоры болып Ернар Жанәділ тағайындалды, ол «Самұрық-Қазына» АҚ қаржылық бақылаушысы.

Елена Бахмутованы басқарма мүшелігінен шығару мәселесі Қордың Директорлар кеңесінің таяудағы отырысында қаралады.

Ақпараттық анықтама

Әр жылдары Елена Бахмутова ҚР Ұлттық банкінің қаржылық бақылау департаментінің директоры, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау агенттігінің төрайымы қызметтерін атқарды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. Мемлекеттік, қоғамдық қызметі үшін «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Астана» және «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдерімен марапатталған, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатын алған. 

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика