Халықтық IPO

«Халықтық ІРО» деген не?

IPO (ағылшынша InitialPublicOffering) – қандай да бір компанияның акцияларды сату үшін бастапқы жария ұсынуы. Бұл ретте «бастапқы» сөзі компанияның өз акцияларын биржаға бірінші рет шығаратынын болжайды.

«Халықтық» деген қосымша осындай ІРО кезінде сату үшін шығарылатын акциялар бірінші кезекте эмитент-компаниялар операция жүргізетін ел халқына ұсынылатынын білдіреді. Әдетте Халықтық ІРО кезінде сату үшін мемлекет акцияларының толық немесе бақылау пакетін иеленетін кәсіпорындар шығарылады.

Халықтық ІРО өткізудің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, табысты кәсіпорындардың акцияларын иелену азаматтарға олардың дамуы мен өсуінен пайда алу мүмкіндігін береді. Бұл акциялардың бағасы ұлғайған кезде де, дивидендтер төлеу есебінен де жүреді.

Екіншіден, Халықтық ІРО қор нарығының дамуына ықпал етеді. Жетекші кәсіпорындардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін бере отырып, мемлекет инвесторлар шеңберін кеңейтеді. Акцияларға деген ұлғайып отырған сұраныс өтімділіктің өсуіне әкеледі, бұл өз кезегінде қор нарығының (бағалы қағаздар нарығының) дамуына оң әсер етеді.

Үшіншіден, Халықтық ІРО барысында тартылған қаражатты мемлекеттік компаниялар өзінің одан әрі дамуына, активтер сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге инвестициялауы мүмкін.
Халықтық ІРО Ұлыбританияны, Польшаны, Ресейді, Бразилияны, Индияны және басқаларды қоса алғанда, әлемнің көптеген елдерінде әртүрлі экономикалық жағдайларда өткізілді. Мысалы Ұлыбританияда осындай бағдарлама 80-90 жылдардың шегінде Премьер-министр Маргарет Тэтчердің басшылығымен жүргізілді. Сонда халыққа аса ірі ұлттық компаниялардың акциялары ұсынылды. «Бритиш Газ», «Бритиш Стил», «Ролс Ройс», электр энергетикасы секторының, су және көмір индустриясының компаниялары сияқты.

Польша үкіметі ел бюджетінің өсіп отырған тапшылығын және сыртқы қарыздың жоғары деңгейін жабу мақсатында 2009-2011 жылдары толыққанды жекешелендіру науқанын жүргізді. Инвесторларға қаржылықтан бастап киім шығаруға, ағаш өңдеу мен қағаз өнеркәсібіне дейінгі экономиканың әр түрлі секторларынан 740 астам мемлекеттік кәсіпорындардың акциялары ұсынылды.

Экономиканың құлдыру сәтінде жүргізілетін жекешелендіру науқанының мақсаты әдетте елдің бюджетіне қаражат тарту болып табылады. Активтерді барынша пайдамен сату үшін жекелеген азаматтарды емес, стратегиялық инвесторларды тартады.

Халықтық ІРО әдетте экономикалық құлдыру кезеңінде емес, қолайлы экономикалық жағдайларда өткізіледі. Қазақстанда Халықтық ІРО экономикалық өрлеу толқынында өткізу жоспарланып отыр. Біздің еліміз әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінен табысты өтті. Халықаралық Валюта Қорының болжамдары бойынша Қазақстанда 2011 жылы ЖІӨ өсуі шамамен 6% құрайды, бұл Ұлыбританияның, Германияның, Жапонияның немесе Ресейдің көрсеткіштерінен жоғары.

Зерттеулер қазақстандықтардың қор нарығында бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігі туралы әлі де жеткілікті хабардар еместігін көрсетеді. Жақсы деген жағдайда біздің азаматтарымыз өз қаражатын банктердегі депозиттерге салады немесе жылжымайтын мүлік сатып алады. Нашар жағдайда – ақшасын көрпесінің астында сақтайды. Сол уақытта сарапшылардың бағалауы бойынша әлемде компаниялардың акцияларын иеленетін 500 миллионнан астам бар.

Әрине, акцияларды сатып алу жедел пайда табуға немесе жалпы пайда атаулыға кепілдік бермейді. Кез келген қаржы нарығы, оның ішінде қор нарығы құбылуға ұшырауға бейім. Бұл яғни қандай да бір компанияның акцияларын сатып ала отырып, инвестор тәуекел етеді, өйткені акциялардың құны өсіп қана қоймай, төмендеуі де мүмкін. Акциялар құнының төмендеу себептері әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, кәсіпорын өндіретін тауарларға сұраныстың төмендеуі, компанияның тиімсіз басқарылуы, елдегі саяси жағдайдың тұрақсыздығы, табиғи зілзалалар, техногендік апаттар және т.б. Осы тәуекелдерді ескере отырып, біздің мемлекетіміз «Халықтық ІРО» шеңберінде қазақстандықтарға оң қаржы нәтижелерін көрсететін тұрақты компаниялардың акцияларын ұсынбақ. Бұл ретте елдегі бейбітшілік пен келісім, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы ұлттық компаниялар құнының одан әрі өсуіне, яғни халықтық инвесторлар үшін жақсы табысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Инвестордың сөздігі:

Акция – дивидендтер түрінде акционерлік қоғамның пайдасының бір бөлігін алуға, сондай-ақ акционерлік қоғамды басқаруға және ол таратылған жағдайда, қалған мүліктің бір бөлігіне қатысуға оны иеленушінің (акционердің) құқығын бекітетін бағалы қағаз. Әдетте, акция атаулы бағалы қағаз болып табылады. Қарапайым және артықшылықты болып бөлінеді. Биржадағы сауда-саттыққа жіберу үшін акциялар листинг рәсімінен өтуі тиіс және листинг рәсімінен өтпестен сауда-саттыққа жіберілуі қажет. Сауда-саттыққа акциялардың қатысуы ең қол жетімді әрі ұзақ мерзімді капитал тартуға, компанияның құнын арттыруға, қарыз алу құнын азайтуға эмитентке мүмкіндік береді.

Инвестор – кейіннен пайда (инвестициялар) алуға жіберілген тәуекелді капитал салатын адам немесе ұйым (оның ішінде компания, мемлекет және т.б.). Инвестор өз қаражатын ұлғайту үшін, Дивидендтер алу үшін компанияның акцияларын сатып алады. Инвестициялаудың негізгі мақсаты да осы. Дамыған қор нарығы бар көптеген елдерде халық өзінің әл-ауқатын арттыру үшін акцияларды сатып алады және сатады.

Инвестициялар – кіріс алу мақсатында экономикаға ұзақ мерзімді капитал салу. Инвестициялар қазіргі экономиканың ажырамайтын бөлігі болып табылады. Инвестициялар қайтып келеді және пайдалы жобаларда ғана кіріс әкеледі. Егер жоба шығынды болса – инвестициялар жоғалуы мүмкін.
Эмитент өз қызметін дамытуға және қаржыландыруға бағалы қағаздарын шығарған (эмиттеген) ұйым.

Бағалы қағаздар нарығы немесе қор нарығы – бағалы қағаздар айналымда жүретін қаржы нарығының құрамдас бөлігі.

Биржа – тауарлардың, валюталардың, бағалы қағаздардың және туынды қаржы құралдарының ұйымдасқан нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым. Бұрын бағалы қағаздармен немесе тауарлармен мәмілелер жасасу үшін белгілі бір сағатта сауда адамдары, делдалдар, биржа маклерлері жиналатын орынды немесе ғимаратты биржа деп атайтын. Қазір сауда-саттықтар көбінесе мамандандырылған бағдарламалар пайдаланыла отырып, электронды түрде өткізіледі. Брокерлер өз мүдделерінде немесе клиенттердің мүддесінде сауда жүйелеріне бағалы қағазды (валютаны, тауарды) сатып алуға немесе сатуға тапсырыстар шығарады. Бұл тапсырыстар басқа саудагерлердің қарсы тапсырыстарымен қанағаттандырылады. Әдетте биржалар олардың мәмілелерінің көмегімен комиссиялық алым алады және бұл олардың (биржалардың) кірістерінің негізгі көзі. Мүшелік жарналар, сауда-саттыққа қол жеткізу төлемі, биржа ақпаратын сату қосымша көздер болуы мүмкін.

Дивиденд – өндірісті кеңейтуге, резервтерді толықтыруға төлемдер мен аударымдар, директорларға облигациялар мен сыйақылар бойынша пайыздар төлегеннен кейін акционерлердің арасында жыл сайын бөлінетін акционерлік қоғам пайдасының бір бөлігі.
Акционерлерге кірістерді төлеу қолма-қол ақшамен немесе акциялармен жүргізіледі. Дивидендтің мөлшері жай акциялар үшін түрленеді және артықшылықты акцияларды сатып алған кезде тіркеулі болып табылады. Жай акциялар бойынша дивидендтердің мөлшері туралы шешім акционерлік қоғамның қаржылық жағдайына байланысты акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады. Артықшылық берілген акциялардың иелеріне дивидендтер акционерлік қоғам жай (дауыс беретін) акциялардың иелеріне дивидендтер төлеуге кіріскенге дейін төленеді.

Құбылмалылық - (ағылшыншадан Volatility - Өзгермелілік) – баға өзгергіштігі үдерісін сипаттайтын статистикалық қаржылық көрсеткіш. Маңызды қаржы көрсеткіші және қаржы тәуекелдерін басқарудағы ұғым болып табылады, мұнда берілген уақыт аралығы үшін қаржы инструментін пайдалану тәуекелі шарасын білдіреді.

Өтімділік – бағаның елеулі өзгерісінсіз акцияларды тез сатып алу немесе сату мүмкіндігі. Әдетте акцияларының үлкен саны айналымда жүретін және инвесторлардың арасында танымал ірі компаниялардың акциялары жоғары өтімділікті иеленеді. Төменгі өтімділік акцияларды ұстаушылар оларды сирек сататынын білдіреді, бұл жаңа инвесторлардың акциялар сатып алу мүмкіндігін шектейді.

пікір жазу

Пікір қалдыру үшін авторизациядан өтіңіз:

пікірлер

Яндекс.Метрика