«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ КОДЕКСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІНЕ СӘЙКЕСТІГІ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕ
«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарын сақтаудың маңыздылығын түсіне отырып, халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, Қордың басқару жүйесін белсенді түрде жетілдіруді жалғастыруда. Корпоративтік басқару қағидаттары Қор қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ ұзақ мерзімді тиімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін негізгі қағидаттар болып қала береді.
2012 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ Жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексін (бұдан әрі - Кодекс) бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын қабылдады, бұл корпоративтік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге маңызды қадам болды. Корпоративтік басқару практикасы үнемі дамып келе жатқанын назарға ала отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ үздік халықаралық практикаға сәйкес корпоративтік басқару қағидаттарын үнемі қайта қарайды және жетілдіреді. 2023 жылы, оның ішінде Ұлыбританияның Корпоративтік басқару кодексінің ережелері мен ЭЫДҰ қағидаттарын ескере отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 590 қаулысымен бекітілген Кодекстің жаңа редакциясы әзірледі.
«Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 8 мамырдағы №542 Жарлығын іске асыру мақсатында 2024 жылғы 15 тамызда Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №659 Қаулысы қабылданды. Енгізілген өзгерістер кадрлық шешімдерді, сатып алуды жүзеге асыруды және өндірістік процестерді қоса алғанда, компаниялардың жедел (ағымдағы) қызметіне Қордың араласпауы туралы ережелерді күшейтуді қамтиды. Бұдан басқа, компанияның Директорлар кеңесінің құрамында тәуелсіз директорлардың ұсынылатын саны кеңес мүшелерінің жалпы санының 60%-на дейінгі мөлшерде бекітілді. Сонымен қатар, Қордың, компаниялар мен ұйымдардың тәуелсіз директорларын іздеу және іріктеу процесі Қордың ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылуға тиіс. Жоғарыда аталған шараларға қосымша Директорлар кеңесінің мүшесі лауазымына үміткерлер үшін талаптар кеңейтілді.
Қор ұзақ мерзімді перспективада тұрақты табысқа жету үшін Кодексті тиісті түрде сақтау мәселелеріне ерекше мән береді. Жыл сайын оның қағидаттары мен ережелерін сақтау/сақтамау туралы есеп Қордың Директорлар кеңесінің қарауына және бекітуіне ұсынылады. «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарын сақтауға ұмтылады, өйткені бұл Жалғыз акционер, серіктестер және жалпы қоғам алдындағы міндеттеменің ажырамас бөлігі болып табылады.
Есепті жылы Қор негізінен Кодексте көрсетілген барлық қағидаттарды ұстанды. Толық ақпарат 5-қосымшада келтірілген.
Корпоративтік басқару жүйесі

Қор қолданыстағы басқару тәжірибесін жақсартуға, сондай-ақ Қор қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге күш-жігерін шоғырландыра отырып, тиісті корпоративтік басқару стандарттарын қатаң ұстанатынын растайды.
Қор халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тиімді корпоративтік басқару жүйесіне ие. Бұл жүйе Қордың қызметін басқаруға және бақылауға ықпал ететін процестерден тұрады, соның ішінде Жалғыз акционер, Директорлар кеңесі, Басқарма және мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимыл. Ол Қордың ұзақ мерзімді құнын арттыруға және оның тұрақты дамуына бағытталған. Директорлар кеңесі осы өзара қатынастардың тиімділігін жақсарту мәселелерін үнемі қарастырады. Басқару органдарының өкілеттіктері мен шешім қабылдау рәсімдері Қордың жарғысымен қатаң реттеледі.