Жылдық есеп / 2024
Директорлар кеңесі
төрағасының үндеуі

ҚҰРМЕТТІ ХАНЫМДАР МЕН МЫРЗАЛАР!

2024 жыл күрделі жаһандық және ішкі сын-қатерлер кезеңі ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерге толы уақыт болды. Бізде инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көлік-логистикалық жүйені дамыту қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыда инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға байланысты міндеттер ерекше өзектілікке ие болады.

Бүгінгі таңда Қор іске асыру мониторингі Директорлар кеңесі деңгейінде жүргізілетін 46 басым бастаманы айқындады. 2024 жылы Қор компаниялары станцияның қуатын 4000 МВт-қа дейін арттыра отырып, МАЭС-1-дегі №1 энергоблокты қалпына келтіруді аяқтады, Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын пайдалануға берді, сондай-ақ Сиань қаласында көлік-логистикалық терминалды іске қосты.

Қаржылық көрсеткіштер оң динамиканы көрсетті – таза пайда 2023 жылмен салыстырғанда 39%-ға өсті. Қордың мемлекетке төлеген төлемдері үкімет тапсырмасы бойынша қаржыландырылған әлеуметтік жобалар мен дивидендтерді есепке алғанда 1,4 трлн теңгені құрады. Бюджетке салық түрінде 2,1 трлн теңге төленді.

Мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту тапсырмасы аясында Air Astana IPO өткізілді. QAZAQ AIR әуе компаниясын вьетнамдық Sovico тобына және оның жергілікті серіктесіне сату жөнінде келісімшартқа қол қойылды. «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ін катарлық PIH компаниясына сату мәмілесі аяқталды.

Мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту тапсырмасы аясында Air Astana IPO өткізілді. QAZAQ AIR әуе компаниясын вьетнамдық Sovico тобына және оның жергілікті серіктесіне сату жөнінде келісімшартқа қол қойылды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қосымша шаралары қабылданды. Нәтижесінде, ОТӨ-мен 1,1 трлн теңгеге шарттар жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ға артық. 191 млрд теңгеге оффтейк-келісімшарттар жасалды, ол 10 есеге өсті. Барлық көрсеткіштер бойынша сатып алулар аясында тұрақты өсім жоспарлануда. ОТӨ-мен жасалған шарттар бойынша – 25%-ға, оффтейк-келісімшарттар бойынша – 210 млрд теңгеге дейін, ал электрондық дүкендегі тапсырыстар сомасы бойынша – 30 млрд теңгеге дейін өсімдер көзделеді.

Осы жылдың жоспарында 7 ірі жобаны енгізу қарастырылған. «Достық-Мойынты» учаскесінде екінші жолдардың мерзімінен бұрын іске қосылуы күтілуде. Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін аяқтау жоспарлануда, ал Ақтау портының базасында контейнерлік хаб құрылады. «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры мерзімінен бұрын іске қосылады. Кендірлі ауылында тұщыландыру зауытын іске қосу жоспарланған. Павлодар мұнай-химия зауытында қысқы отын шығарылатын болады. CASPI BITUM зауытының қуаты жылына 1,5 есеге, яғни 750 мың тоннаға дейін артады.

Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 700 мыңға жуық қазақстандық «Самұрық-Қазына» АҚ-нан медицина, инклюзия және спорт салаларында қайырымдылық көмек алды. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету аясында 22 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 8 млрд теңгеге жуық техника, ЖЖМ, гуманитарлық көмек, адамдарды тегін тасымалдау қамтамасыз етілді.

2024 жылы жүзеге асырылған бастамалар алдағы даму үшін қажетті негіздерді қалады. Қор маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, оның ішінде тұрақтылықты сақтау және сыртқы тәуекелдерге бейімделу бойынша жұмысты жалғастырады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ
«Cамұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі