Есеп Туралы
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның (бұдан әрі - Қор) 2024 жылғы тұрақты даму саласындағы есебі (бұдан әрі – Есеп) мүдделі тараптардың қалың көпшілігін қызметіміздің нәтижелері туралы хабардар етуге арналған. Онда еліміздің экономикалық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесіміз туралы, сондай-ақ Қор мен оның портфельдік компаниялары қызметінің экологиялық және экономикалық аспектілері туралы ақпарат берілген. Есеп есеп беру кезеңінің шекарасынан шығатын, бірақ онымен тікелей байланысты маңызды фактілерді, сондай-ақ Қордың орта мерзімді жоспарларын қамтиды.
Біз мүдделі тараптармен тиімді және сапалы коммуникацияны қамтамасыз етуге ұмтыламыз және тұрақты даму саласындағы ақпаратты ашу кезінде осы саладағы жетекші әлемдік есептілік стандарттарын қатаң ұстанамыз. Бұл есеп Есептілік бойынша жаһандық бастаманың (GRI Sustainability Reporting Standards – GRI) тұрақты даму саласындағы есептілікті дайындау жөніндегі халықаралық стандарттарына, сондай-ақ Sustainability Accounting Standards Board (SASB) және TCFD стандарттарындағы тұрақты даму саласында ақпаратты ашу қағидаттары мен ыңғайларын есепке алумен дайыналды.
Қордың тұрақты даму саласындағы есептері 2016 жылдан бастап жыл сайынғы негізде жарияланады. Есепті кезең қаржылық есептіліктің есепті кезеңімен сәйкес келеді. Бұл есеп «Есептілік шекарасы» атты 8-қосымшаға сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейінгі кезеңдегі Қор және оның портфельдік компаниялары туралы шоғырландырылған ақпаратты қамтиды және оны Қордың Директорлар кеңесі 2025 жылдың 13 маусымында бекітті. Қордың барлық есептері Қордың ресми интернет-ресурсында жарияланған.
Есеп 2025 жылдың 23 шілдесінде жарияланды. 2023 жылғы алдыңғы есеп 2024 жылғы 27 тамызда жарияланды.
6-қосымшада сіздер Есеп бойынша және тұтастай алғанда Қордың тұрақты даму тәжірибесі бойынша сұрақтармен және кері байланыспен жүгінуге болатын байланыс деректерін табасыз.
Қаржылық көрсеткіштер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгемен көрсетілген және шоғырландырылған қаржылық есептілікке (ХҚЕС стандарттары бойынша) сәйкес келеді, оның толық нұсқасы Қордың жылдық есебінде берілген.
Есеп Қордың 2024 жылғы жылдық есебіне және Қордың ресми сайтына сілтемелерді қамтиды, бұл оны оқырмандар үшін көбірек ақпаратты қамтып, ыңғайлырақ етеді.
Есеп сапасы GRI стандарттарының түйінді қағидаттарын қолданумен қамтамасыз етіледі:
Теңгерімділік.
Есеп жалпы нәтижелілікті негізді бағалауды қамтамасыз ету үшін Қор қызметінің оң (мысалы, жоспарларды іске асыру, қойылған мақсаттарға қол жеткізу) қырларын да, теріс (мысалы, айыппұлдар, жазатайым оқиғалар туралы ақпарат) қырларын да көрсетеді.
Салыстырмалылық.
Біз Есептегі бірнеше жылғы ақпаратты сандық көрсеткіштермен динамикада ұсынамыз, бұл мүдделі тараптарға Қор қызметінің тиімділік көрсеткіштеріндегі өзгерістерді уақыт өте келе қадағалауға және басқа ұйымдармен салыстырмалы талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Айқындылық.
Ақпарат Қор және оның қызметі туралы қажетті білімі бар мүдделі тараптар үшін түсінікті нысанда жазылған.
Сенімділік.
Есеп үшін барлық мәліметтер жинақталған және Қордың және портфельдік компаниялардың бейінді құрылымдық бөлімшелері ұсынған, сондай-ақ дұрыстығы тексерілген. Есеп мәтінінде деректер көздеріне сілтемелер көрсетілген.
Дәлдік.
Барлық елеулі тақырыптар бойынша ақпарат егжей-тегжейлі ұсынылған, бұл мүдделі тараптарға Қор қызметінің нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді.
Уақтылық.
Есеп 2024 күнтізбелік жыл үшін ақпарат береді және 2025 жылы жарияланады.
Тұрақты даму мәнмәтіні.
Есеп Қордың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілер бөлінісіндегі үлесі туралы ақпаратты қамтиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ тұрақты дамуының 11 басым мақсатына Компанияның үлес қосу дәрежесі туралы ақпарат ашылды.
Толықтық.
Есепте Қордың есепті кезең ішінде әсерін бағалау үшін жеткілікті ақпарат ұсынылған.
Тәуелсіз растау.
Қордың қаржылық есептілігіне қатысты сыртқы аудит рәсімін «Эрнст энд Янг – консультациялық қызметтер» ЖШС орындады. Аудиторлық қорытынды Қордың Жылдық есебіне 1-Қосымшада ұсынылған.
Есептілік бойынша Жаһандық бастама жариялаған GRI стандарттарына сәйкес дайындалған қаржылық емес ақпаратты тиісінше көрсету ISAE 3000 (қайта қаралған) «Өткен кезеңдердің қаржылық ақпаратын аудиттен және шолудан басқа сенімділікті қамтамасыз ететін тапсырмалар» сенімділігін қамтамасыз ететін Халықаралық тапсырмалар стандартына сәйкес тексерілді. Тәуелсіз аудитор «ПрайсуотерхаусКуперс Такс энд Эдвайзори» ЖШС компаниясы болды. Бұл тексерудің нәтижесі Қордың жоғарғы басшылығы қарайтын шектеулі сенімділікті қамтамасыз ететін есеп болып табылады. Қорытынды «Тәуелсіз куәландыру» 14-қосымшасында берілген.
Болжамды деректерді жариялағаны үшін жауапкершілікті шектеу туралы өтініш.
Осы Есепте Қордың «болашаққа қатысты мәлімдемелер» болып табылатын немесе саналуы мүмкін орта және ұзақ мерзімді перспективаға арналған жоспарлары мен ниеттері туралы ақпарат қамтылған. Есепте көрсетілген жоспарлар мен ниеттер болжамдық сипатқа ие және болашақ оқиғалар мен жағдайларға қатысты болғандықтан, тәуекел мен белгісіздікпен байланысты. Болашаққа қатысты мәлімдемелер күтілетін нәтижелерге қол жеткізудің кепілі болып табылмайды, өйткені оларды іске асыруға біздің бақылау аймағынан тыс факторлар әсер етуі мүмкін. Қордың нақты қызмет нәтижелері, қаржылық жағдайы және өтімділігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Қор жұмыс істейтін салалардың дамуы баяндалған болжамдардан айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Осы себептен болашақ жылдардың нақты нәтижелілік көрсеткіштері осы Есепте қамтылған болжамды өтініштерден ерекшеленуі мүмкін.