ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢҮНДЕУІ

Әлихан Асханұлы Смайылов
«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

2023 жыл «Самұрық-Қазына» АҚ үшін маңызды жыл. 15 жыл бұрын «Самұрық» және «Қазына» екі холдингтерін біріктіру арқылы Қазақстанның ұлттық әл-ауқатын арттыру және оның экономикасын жаңғырту жөніндегі жұмыстарға арналған институт құрылды.

Қор осы мерейтойлық күнге әсерлі нәтижелермен жетті.

Жаһандық турбуленттілік жағдайындағы жағымсыз факторларға қарамастан, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоры республикалық бюджетке 170 млрд теңге дивиденд төледі, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік жоғары. Қор жыл ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға қосымша 132 млрд теңге бөлді.

Күрделі геосаяси жағдайдан туындаған экспорттық мүмкіндіктердің тарылуы «Самұрық-Қазына» тобының компанияларының өңдеу қуаттарын дамытуға, жергілікті қамтуды арттыруға, ішкі нарықты қамтамасыз етуге назар аударуға бет бұруына түрткі болды.

2022 жылғы қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ белгіленген қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен болатын Теңіз кен орнының шикізатын өңдеуге бағдарланған Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) интеграцияланған газ-химия кешені іске қосылды. Өндірісте 1200 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде роботтармен жұмыс істеуге тартылған ең жоғары білікті инженерлер үшін – 650.

Кезекте қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу, 7 мың жұмыс орнын құру тұр.

Мұнай-газ химиясының жаңа кәсіпорындарын іске қосу ішкі нарықта полимерлерге деген қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар өнімнің қосымша құнын арттыратын шағын және орта кәсіпорындар кластерін құруға ынталандырады.

"Самұрық-Энерго" АҚ объектілері тұрақтылық пен кез келген кезеңде жеткілікті болатын мығым қордың бар екендігін көрсетті. Былтырғы ЖЭО және электр желілері аудитінің қорытындысы бойынша компанияның барлық объектілері қанағаттанарлық жағдайда мен апатсыз жұмысқа дайын болды.

«Самұрық-Энерго» АҚ ЖЭК объектілері өндірген электр энергиясының үлесі 2022 жылы Қазақстанның ЖЭК жиынтық өндірісінің 8,3%-ын құрады.

Инфокоммуникация саласында жаңа тауашаларды іздейтін инвесторлардың назары «Қазақтелеком» АҚ ұлттық байланыс операторы жариялаған Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жобасына аударылды. Бұл жаһандық жоба «Цифрлық Жібек жолы» ауқымды жобасының бір бөлігі болып, Еуропа мен Азия арасында телекоммуникациялық дәліз құрудың басы болмақ.

Әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында Қытай, Орталық Азия және одан әрі Еуропа елдеріне өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңыздылығы арта түсті. Экспорттық маршруттарды әртараптандыру мақсатында осы бағыттағы тасымалдау көлемін ұлғайту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Логистикамен және транзитпен қиындықтарға қарамастан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің оң серпінін қамтамасыз етті. Компанияның пайдаланылатын жүк айналымы 252 млрд тоннокилометрді құрады – бұл Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы тасымалдардың тарихи ең жоғары көлеміне – 23,2 млн тонна қол жеткізілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ға артық. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 14 млн астам жолаушы тасымалданды, бұл да алдыңғыға қарағанда 21,4%-ға артық.

Қор тобының компаниялары экономиканың тұрақтылығын арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етті және Қазақстан экономикасына жағымсыз сыртқы факторлардың әсерін барынша азайтты. Ірі жұмыс берушілер – «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары – тұрақты жұмыс орындарының санын сақтап қалды.

Үкімет Қордан аса маңызды инфрақұрылымдық жобаларға, инновациялық өндірістерге қатысатын, жұмыс орындарын ұлғайтатын және қосылған құны жоғары өнім өндіретін институционалдық инвесторға одан әрі трансформацияны күтеді.