Директорлар кеңесі мүшелеріне және басқарма мүшелеріне сыйақы беру саясаты

Қордың Жарғысына және «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тәуелсіз директорлар сыйақысының мөлшерін Жалғыз акционер айқындайды.

Тәуелсіз директорларға сыйақы төленеді және олар өз функциялары шеңберінде орындайтын міндеттерге байланысты шығындар өтеледі.

Қордың Басқарма төрағасы мен мүшелерінің лауазымдық жалақысының мөлшерін, еңбекақы және сыйақы төлеу шарттарын Қордың Директорлар кеңесі айқындайды. Олардың сыйақысын айқындауда Қордың Директорлар кеңесінің Тағайындау және сыйақы комитеті негізгі рөл атқарады.

Қор Басқармасының төрағасы мен мүшелеріне сыйақы жүйесі Қордың Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген Қор Басқармасының Төрағасы мен мүшелеріне еңбекақы төлеу және сыйлықақы беру шарттарына сәйкес айқындалады және өзіне лауазымдық жалақы, тиісті кезеңдегі жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы, сондай-ақ Қазақстан
Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған біржолғы сыйлықақы кіреді.

Тиісті кезеңдегі жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы қол жеткізілген табыстар және жұмыстың тиімділігін арттыру үшін материалдық көтермелеу мақсатында Басқарма төрағасы мен мүшесінің қызметін бағалау нәтижелеріне байланысты төленеді.

Есепті жыл үшін шоғырландырылған қорытынды пайданың болуы сыйақы төлеу үшін негізгі шарт.

2022 жылы негізгі басқарушы персоналға төленген сыйақының жалпы сомасы жалпы және әкімшілік шығыстарды қоса алғанда 730 млн теңгені құрады.

Көрсетілген сома басқару органы – Директорлар кеңесі мүшелерінің тәуелсіз директорларының сыйақысын және атқарушы орган мүшелеріне төленген сыйақыны қамтиды.