Қазатомөнеркәсіп Трансформация бағдарламасының жаңа кезеңін бастады

Қазатомөнеркәсіп Трансформация бағдарламасының жаңа кезеңін бастады

301

21 Қазан 2016

2017-2018 жылдары «Самұрық-Қазына»  Қор тобы Трансформация бағдарламасы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-де 26 жоба іске асады. Қор басшысы Өмірзақ Шөкеев және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев 2017 жылға арналған Трансформацияның жол картасына қол қойды.

 «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев 2016 жылы жеткен жетістіктерді саралай келе, өндірісті автоматтандыру процесі мен  «Жағдаяттық орталық» және «Санды кеніш» ақпараттық жүйелерінің пайдалануға берілгенін, сондай-ақ жаңа трейдинг компаниясы тіркеуден өтіп, Қытай мен Ресейдегі шетелдік өкілдіктер саны қысқарғанын айтты.

Инвестициялар мен сатып алуларды басқару, коммерциялық қызметтер мен маркетингті күшейту, ұйымдық құрылымдағы өзгерістер және процестерді автоматтандыру сияқты мәселерді қамтыған жобалар әлемдік озық тәжірибеге сүйеніп әзірленген. Алдын ала есептеу бойынша 2025 жылға қарай аталмыш жобалар Қазатомөнеркәсіпке 130 млрд теңгеден астам  мөлшерде экономикалық тиімділік әкелмек. Бұл сома оларды  іске асыруға кеткен шығындардан 10 есе артық.

 «Жоспардың бекітілуі - жобаның алға қойған мақсаты нақты, бағдары айқын екенін білдіреді. Онда 2025 жылға дейін компанияға 130 млрд теңге мөлшерінде экономикалық тиімділік әкелу көзделген. Бұл компания үшін, әсіресе экономикалық  конъюнктура саласындағы айтарлықтай сома», - дейді «Самұрық-Қазына» Трансформация және арнайы жобалар жөніндегі атқарушы директор Адамас Илькявичюс.

Осылайша, тауарлар мен қызметтерді сатып алудың жаңа моделін енгізудің өзі 2025 жылға дейін компанияға 34 млрд. теңге пайда әкеледі. Маркетингтік қызметті оңтайландыру қосымша 7 млрд. теңгені, ал ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі 16 млрд. теңгеден астам қаржы бермек.

Сөз соңында А. Илькявичюс жақын арада Қор тобы трансформациясына қатысты жол карталарына  барлық компаниялар қол қойып шығатынын айтты.