«ПКОП» ЖШС екінші рет «Алтын Парыз» жүлдесін жеңіп алды

«ПКОП» ЖШС екінші рет «Алтын Парыз» жүлдесін жеңіп алды

273

10 Қаңтар 2017

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жыл сайын өткізілетін «Парыз» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің байқау лауреаттарына атақ беру жөніндегі комиссиясы «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында Шымкент мұнай өңдеу зауытын үздік деп таныды. 

Байқау жеңімпаздары Астана қаласында «Қазмедиа орталығында» мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күні аясында салтанатты жағдайда марапатталды. Жоғары награданы «Алтын Парыз 2016» Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «ПКОП» ЖШС-нің жаңғырту және дамыту жөніндегі вице-президенті Аслан Мыңбаевқа табыстады.
Бұл жоғары награда – кәсіпорынның бүкіл ұжымының жұмысына берілген баға. 

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС экологиялық менеджментті жетілдіруге үлкен көңіл бөліп келеді. Мысалыға, зауытта 2009 жылы экологиялық менеджменттің ИСО 14001:2004 халықаралық стандарты енгізілген. 2015 жылы жүргізілген аудит нәтижелері бойынша менеджмент жүйесінің ISO 9001:2008, ISO 14001:2004, OHSAS 18001:2007 стандарттарының талаптарына сәйкестігі туралы сертификат беру жөнінде шешім қабылданған.

Компанияда қоршаған ортаға (атмосфералық ауа, су және жер ресурстары, өсімдіктер, қар жамылғысы, радиациялық жағдай) шығарылатын зиянды заттардың эмиссиясына және табиғи ортаның жағдайына мониторинг (бақылау) жүргізу жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ зауытта кәсіпорын аумағындағы топырақ қабатының ластанған учаскелеріне тұрақты түрде биорекультивациялау (биологиялық қалпына келтіру) жұмыстары жүргізіліп тұрады. Мұнай өңдеуден шығатын қалдық – мұнай шламдарын, сондай-ақ пирофорлық қосылыстарды кәдеге жарату (жою) әдістері енгізілген. 

Сонымен қатар, «ПКОП» ЖШС өңірдегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облысты, қаланы және ауданды абаттандыру мен көгалдандыруға меморандум жасасқан. Жыл сайын зауыт жұмыскерлері «ПКОП» ЖШС-нің санитарлық-қорғалатын аймағына тал көшеттерін егеді. Биыл 908 көшет отырғызылды. 

Зауыттың жүргізіп отырған экологиялық саясаты 2011 жылы да үздік деп танылып, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС 2011 жылы өткізілген «Парыз» байқауының «Экологияға қосқан үлесі» аталымында жеңімпаз атанып, Президенттің «Алтын Парыз» жүлдесімен марапатталған болатын.