«Самұрық-Қазына» АҚ Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорлары форумының VІІІ отырысына қатысты

«Самұрық-Қазына» АҚ Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорлары форумының VІІІ отырысына қатысты

492

11 Қараша 2016

«Самұрық-Қазына» Қорының стратегия және активтер қоржынын басқару жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал бастаған делегация 2016 жылғы 8-11 қараша күндері Окленд қаласында (Жаңа Зеландия) өткен Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорлары форумының (IFSWF) VІІІ отырысына қатысты.

Басқосудың тақырыбы – тәуелсіз қорлар алдында тұрған сындардан өту барысында инвестициялық саясат. Соның ішінде, климаттың өзгеруі туралы мәселелерге де назар аударылды. Балжит Гревал құбылмалы ғаламдағы тәуелсіз қорлардың тәжірибесін талқылауға арналған сессияда сөз сөйледі. Ол Қордың құрылымы, қызметі, трансформация мен жекешелендіру бағдарламалары туралы баяндады.

Атап өтетіні, «Самұрық-Қазына» IFSWF жұмысына белсене араласады. 2016 жылғы 8 қарашада Қор инвестициялар мен тәуекелдерді басқару жөніндегі ІІ комитеттің құрамына енді. Бұл өкілетті орган инвестициялар мен тәуекелдерді басқару мәселелерін талқылауға арналған консультативтік форумды өткізеді. Сонымен қатар Қор 2015 жылдан бері басқару және мақсаттар жөніндегі І комитеттің мүшесі болып табылады.

Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» Сантьяго ұстанымдарына сәйкестік тәжірибесімен бөліскен 12 тәуелсіз қордың қатарында болды. Бұл туралы есеп жыл сайынғы отырыс кезінде назарға ұсынылды, оны форум сайтынан ағылшын тілінде (http://www.ifswf.org/sites/default/files/IFSWF_CaseStudies_Nov2016_0.pdf) оқуға болады.

Іс-шара барысында «Самұрық-Қазына» ресми түрде халықаралық қауымдастыққа келесі отырысты ұйымдастырушы тарап ретінде таныстырылды. IFSWF мүшелері 2017 жылы Астанада өтетін ІХ жыл сайынғы кездесуге шақырылды.

Іссапар барысында Қор делегациясы IFSWF Форумының ұйымдастырушылары – Жаңа Зеландияның зейнетақы қоры мен қазынашылық, және өзге тәуелсіз әл-ауқат қорларының өкілдерімен кездесті.

Халықаралық тәуелсіз қорлардың форумы (IFSWF) – әлемдік тәуелсіз қорлардың ерікті ұйымы. Бұл ұйым қауымдастықта бірлескен жұмысты нығайтуға диалог эәне зерттеулер жолымен септігін тигізеді. Форум туралы ақпарат келесі сайтта — http://www.ifswf.org/