«Самұрық-Қазына» Қорының басшысы жапондық компанияларды серіктестік аясын кеңейтуге шақырды

«Самұрық-Қазына» Қорының басшысы жапондық компанияларды серіктестік аясын кеңейтуге шақырды

360

09 Қараша 2016

Жапонияға іссапары барысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Marubeni Corporation компаниясының басқармасының төрағасы Фумия Кокубумен кездесті.

Басқосуда Өмірзақ Шөкеев Marubeni Corporation компаниясының Қазақстандағы аса белсене қызмет етіп келе жатқан жапондық компаниялардың бірі екенін атап өтті. Токио қаласында өткен қазақстандық-жапондық бизнес-форумы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ қоржындық компаниясы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Marubeni Corporation арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.  Marubeni Corporation өзге жапондық компаниялармен бірге Оңтүстік Қазақстан облысындағы Хорасан-1 және Хорасан-2 уран шығарушы кен орындарын игеруге қатысу құқығына ие.

Кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев екі мемлекет басшысының сирек кездесетін металдарды өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударатынын еске салып өтті. Бұл ретте ол Қордың қарамағында бірқатар кен орындарының бар екенін айтып, оларды бірлесіп игеруді ұсынды. Тараптар бұл мәселені әрі қарай шешуге жауапты тұлғаларды анықтады.

«Самұрық-Қазына» жетекшісі мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасы туралы да баяндады. Оның шеңберінде Қор 200-ден астам активтерін сатуда. Өмірзақ Шөкеев ІРО-ға әзірленіп жатқан ірі қоржындық компаниялар жайлы ақпарат беріп, «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан үрдістің жариялығына және инвесторлардың тең құқықтарын қамтамасыз етуге басымдық берілетінін атап өтті.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Қорының басшысы жапондық көліктік-логистикалық компаниясы Nippon Express аға атқарушы директоры Норифуми Идимен кездесті. Тараптар құрлық бағытымен құрамалы жүктерді тасымалдау саласында өзара серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, Қордың қоржындық компаниясы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ KTZ Express атынан Ляньюнган (ҚХР) кемежайынан Дуйсбургке (Германия) дейін жапондық құрамалы жүктерді тасымалдауға ниет білдіруде.

Анықтама:

1858 жылы негізі қаланған Marubeni Corporation 450 компанияны қамтиды, 67 мемлекетте 57 бөлімшесі мен 120 кеңсесі бар. Қызметінің басты бағыттары: сауда және инвестиция салу, минералды ресурстарды өндіру және өңдеу, болаттан өнім шығару, инфрақұрылымды дамыту, көліктік, химиялық өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар, көлік және логистика. Корпорация Астана халықаралық әуежайын және Атырау МӨЗ жаңарту жұмыстарына қатысқан. Қазіргі уақытта Marubeni Corporation Атырау МӨЗ мұнайды терең өңдеу кешенін сатуға атсалысады.

Nippon Express – жапондық көліктік-логистикалық компания, 1937 жылы құрылған. Қазір оның құрамына 340-тан астам компания, әлемнің 42 мемлекетінде орналасқан 1400 кеңсе енеді. Қызметінің бағыттары: экспедиторлық темір жол тасымалы, көлік тасымалы, теңіз тасымалы, жүк тасымалы, әуе жүк тасымалы, қаптама және қаптауыш материалдар, ауыр жүктерді тасымалдау, салу мен құрастыру және т.б. (27 қызмет түрі).