Дипломаттармен және бизнес өкілдерімен кездесу

Дипломаттармен және бизнес өкілдерімен кездесу

307

01 Наурыз 2017

«Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджменті дипломаттармен, шетелдік кәсіпкерлермен, инвесторлар мен банк өкілдерімен кездесті. Қор өкілдері қоржындық компанияларды басқарушының рөлінен белсенді инвестордың рөліне көшу стратегиясы туралы баяндады. Басқосу барысында сонымен қатар трансформация мен жекешелендіру бағдарламаларының аралық нәтижелері көрсетілді. «Самұрық-Қазына» басшылығы инвесторларды дамып келе жатқан салаларда жобаларды жүзеге асыру шеңберінде ынтымақтастыққа шақырды. 



«Біз қоржындық компанияларымыз үшін жаңа бизнес-мүмкіндіктерді ашу үшін трансформациядан өтіп жатырмыз. Табысқа жететінімізге неліктен сенімдіміз? Бізде нақты жоспар бар. Оны мемлекет басшылығы да, компаниялардың менеджменті және қоғам қолдайды. Біз халықаралық дәрежедегі үздік мамандарды тартамыз. Жоғары беделі бар сенімді серіктестеріміз бар. Олардың жекешелендірудің әлемдік тәжірибесіне негізделген кеңестерін ескереміз. Корпоративтік басқарудың жетекші тәжірибесін енгізудеміз. Біз транспаренттілік, тұрақтылық, тиімділік принциптерін ұстанамыз. Бұл біздің даму әлеуетін байқатады», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.  

«Трансформация санамызға бәсекеге қабілеттілік пен бизнеске лайықтық ұғымдарын енгізді. Жекешелендіру бағдарламасы инвесторларға жол ашады. Ал біздің инвестициялық саясат – жаңа индустриялар мен болашағы бар жобалар. Біз Сіздерді ынтымақтастыққа шақырамыз», - деп қосты ол. 



«Біз трансформацияны қалай жүзеге асырамыз? Үш мақсат-міндетті белгіледік. Біріншісі – активтер қызметін жетілдіру. Біз компанияларымызды тек инвесторлар үшін ғана емес, акционерлер алдында да тартымды етуге тырысамыз. Бұл үшін Қор мен қоржындық компаниялардың стратегиясын қайта қарастырдық. KPI анықтадық, бұл операциялық деңгейге өтетін қызметтің негізгі көрсеткіштері. Басқару бойынша реинжиниринг өткізілді. Ұйымдастырушылық құрылым, ақпараттық технологияларды қолдану әдістері өзгерді. Екінші міндет – активтерді оңтайландыру. Біз бейтарап емес, белсенді инвестор болуды көздейміз. Бейінді емес активтерді сатамыз. Бұған қоса иелену және компанияларды заңгерлік рәсімдеу үлгілерін жеңілдетпекпіз.  Үшінші бағыт – корпоративтік басқару. Оны жетілдіріп жатырмыз. Мемлекеттік органдармен әрекеттесу форматын өзгертеміз. Директорлар кеңестерінің тиімділігін арттырамыз. Олар компания тағдыры үшін жеке жауапкершіліктерін сезінуі тиіс», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация және арнайы жобалар жөніндегі басқарушы директоры Адамас Илькявичюс. 



«Самұрық-Қазына» үш стратегиялық бағыт бойынша жұмыс істейді: компаниялардың ұзақ мерзімді құнын арттыру, ұлттық экономиканы әртараптандыру мен жаңартуға қатысу, әлеуметтік жауапкершілік. Қордағы барлық жұмыс осы міндеттерге жетуге бағытталған. Бизнес-үрдістердің реинжинирингі оңды нәтиже беруде. Ендігі кезекте біз сингапурлық Темасек, малазиялық Казанах және БАӘ Мубадаласы сынды тәуелсіз әл-ауқат қорлар арасында беделімізді көтердік. Бұл қорлар өз активтерін жақсы басқарады. Біз жыл сайын шетелдік әріптестерімізбен кездесіп, инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. «Самұрық-Қазына» үшін қыркүйек айында Астанада тәуелсіз әл-ауқат қорларының халықаралық форумын (IFSWF) өткізу үлкен мәртебе. Бұл Қазақстанның Орта Азиядағы негізгі экономикалардың бірі екеніне дәлел», - деді Қордың стратегия және активтер қоржынын басқару жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал.

«Самұрық-Қазына» жаңа индустрияларды дамытады. Біз инвесторлармен осы бағытта ынтымақтастыққа дайынбыз. Бүгінде біздің топта дамушы компаниялар жұмыс істейді. Мәселен, Біріккен химиялық компания мұнай химиясын дамытады. Күкірт қышқылын, полимерлік өнімді өндіреді. Полипропилендік және глифосаттық жобалар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Үкіметтің қолдауымен Атырауда мұнай химиялық кластерді жасауда. Биыл Жамбылда химиялық паркті ашты.

Бірнеше жылдың ішінде химиялық компания нарықтың ірі қатысушысына айналмақ. Екінші компания - «Тау-Кен Самұрық». Алтын, металлургиялық кремнийді өндіреді. Әлеуеті зор бұл компания жекешелендіруге қатысады. Біз технологияларды әкелетін, инвестициялардың қайтарылымын қамтамасыз ететін стратегиялық серіктестерді іздестіреміз. Үшінші компания – тұрғын-үй құрылысында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын Жылжымайтын мүлік қоры. Жылжымайтын мүлік саласында оның сараптамалық әлеуеті инвесторлардың қызығушылығын тудыруы тиіс. Qazaq Air – аймақтық әуе компаниясы. Оның міндеті  аймақтағы ұшулардың жоғары қауіпсіздік стандарттарына сай болу», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ тең басқарушы директоры Ержан Тұтқышев.



«Жекешелендіруге жататын Қор компаниялары әр алуан салаларды жұмыс істейді. Мысалы, «Евро-Азия Эйр» - елдегі ірі вертолеттік әуе компаниясы. Ақтау порты – Қазақстандағы жалғыз теңіз кемежайы. Жекешелендірілетін активтер тізімінде Атырау, Ақтөбе, Павлодар әуежайлары да бар. Энергетика саласында қызықты ұсыныстарымыз баршылық. Бұл - «Astana solar», «Kazakhstan Solar Silicon». Олар күн батареяларын өндіреді. Жекешелендіру аясында барлық инвесторлардың тең құқықтары қамтамасыз етіледі. Біз өзара тиімді мәмілелерді жасауға мүдделіміз. Әр активке қатысты тиімді сату механизмдері қолданылады. Ең ірі компаниялар ІРО-ға шығарылады. Бірінші үміткерлер - «Эйр Астана» және «Қазатомөнеркәсіп». Қазіргі уақытта біз инвестициялық банктерді таңдаймыз. Компанияларды зерттеуден кейін ІРО өткізудің нақты мерзімін белгілейміз. Десек те оны 2018 жылдан ерте өткізу көзделмеген», - деп хабарлады Қордың активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дәурен Тасмағамбетов.  

«Казатомөнеркәсіп» - тік интеграцияланған компания. Біз уран өндірісінің барлық циклдарына қатысамыз. Көптеген елдерге экспорттаудың жиырма жылдық тәжірибеміз бар. Біз уранды АҚШ, Францияға негізгі жеткізушілердің біріне айналдық. Жеткізілімдер нарығын әртараптандырамыз. Азия нарығында белсенді жұмыс істеу көзделуде. Геологиялық барлау және өндіру мәселелері бойынша барлық ірі халықаралық компаниялармен қарым-қатынас орнатылған. Байыту кезеңі «Росатом» компаниясымен бірлесіп жүзеге асады. Өткен жылы қытай кәсіпкерлерімен Қазақстанда конверсиялық зауытты салу жөнінде келістік», - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев.