«Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы АҚШ-та әлеуетті инвесторлар мен серіктестермен кездесті

«Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы АҚШ-та әлеуетті инвесторлар мен серіктестермен кездесті

452

28 Наурыз 2017

«Самұрық-Қазына» АҚ (әрі қарай — Қор) топ-менеджменті Нью-Йорк қаласында америкалық компания өкілдерімен өзара серіктестік мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Қор басшылары бизнестің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін активтер қоржынын сапалық және құрылымдық жағынан өзгертуге бағытталған трансформация және жекешелендіру бағдарламаларының жүзеге асу барысы туралы баяндады.

— Қор қазірдің өзінде трансформациядан пайда ала бастады, және ол тек қаржылық қана емес, — деп атап өтті стратегия және активтер қоржынын басқару жөніндегі басқарушы директор Балжит Гревал инвесторлар мен серіктестермен кездесу барысында. — Біз өзіміздің стратегиялық үлгімізді өзгертіп, қоржындық компанияларды басқарушы рөлінен белсенді инвестор рөліне өтеміз. Бұл өзара тиімділікті түсініп, жекешелендіру шеңберінде қосымша құнды арттыру үшін қоржындық компаниялармен стратегиялық деңгейде әрекеттесуге мүмкіндік береді.



Жекешелендіру бағдарламасына серіктес немесе стратегиялық инвестор ретінде қатысу мүмкіндіктері туралы жаңа салаларды дамыту жөніндегі тең-басқарушы директор Ержан Тұтқышев әңгімеледі.

— Біз жергілікті және халықаралық инвесторларға серіктестіктің бірнеше нұсқасын ұсына аламыз: IPO, стратегиялық инвесторларға тікелей сату және ұзақ мерзімді серіктестік. Мақсатымыз — Қазақстан экономикасына инвестициялар мен басқарушылық білімдерді тарту. Сонымен қатар, бағдарлама біздің жалғыз акционер болып табылатын Үкімет қойған ел экономикасындағы мемлекеттің үлесін азайту туралы міндетін орындауға бағытталады.

Күні бойы жалғасқан келіссөздер мен кездесулерге Morgan Stanley, JPMorgan Chase & Co., Ardmore Capital, Chevron, Eni S.p.A, The AES Corporation, SkyPower Global, Samsung C&T, Grace & Company and Chevron Phillips Chemical сынды компаниялар және т.б. қатысты.