«Самұрық-Қазына» басшылығы Лондонда инвестиция және ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндады

«Самұрық-Қазына» басшылығы Лондонда инвестиция және ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндады

330

05 Сәуір 2017

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі — Қор) Лондон қор биржасы алаңында (ЛҚБ) Инвестор күнін — алдын ала кездесу-тұсаукесер өткізіп, онда Қор топ-менеджерлері Қордың даму стратегиясы туралы, жекешелендіру бағдарламасы туралы, сондай-ақ Қазақстандағы жалпы инвестициялық ахуал туралы мәлімет берді. Шараға ҚР Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов пен ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қатысты.

— Мемлекет басшысы жария еткен жекешелендіру бағдарламасы 2021 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 15%-ға дейін азайтуға бағытталған, бұл ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес келеді, — деді өз сөзінде ҚР Ұлттық экономика министрі. – Бұл мақсатқа жету үшін 782 мемлекеттік активті, соның ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Қазагро» холдингтерінің 200-ден астам кәсіпорынын жеке секторға беру жоспарланып отыр. Үкімет бағдарламаны іске асырудың уақытын белгілеп отыр, ол 2020 жылы аяқталуы тиіс. Біздің мақсатымыз активтерді сатып қана қоймай, сатушыға да, инвесторға да пайдалы болуы үшін оларды сатуға дайындау болып табылады. 



«Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджерлері елдің экономикалық дамуындағы Қордың шешуші ролі туралы әңгімеледі. Олар Қордың жаңа нарықтың дамуына, жергілікті компаниялардың өсуіне мүмкіндіктер жасап отырғанын, стратегиялық әріптестер іздеумен, сондай-ақ өз қоржын компанияларын көшбасшы етуге мүдделі екендіктерін атап өтті. Қор мен Акционердің жоғары нәтижелігін қамтамасыз ету үшін қоржындық активтерді басқарудың озық тәжірибелерін басшылыққа алады. 

— Біз корпоративтік басқару саласында серпінді қадам жасадық — деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев — Біз озық қағидаларға – компаниялардың оперативтік қызметіне араласпау, стратегиялық инвестор ролін атқару және қоржын компанияларды тәуелсіз директорлардан тұратын директорлар кеңесі арқылы басқару қағидаларына сүйене отырып, корпоративтік басқару кодексін қабылдадық. Қор мен оның қоржын компанияларының дамуы Қазақстандағы ауқымды оң өзгерістер жағдайында жүріп жатыр. Біздің еліміз жеке сектор үлесін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, тиісінше, мемлекеттің экономикадағы қатысын азайтып жатыр. 



«Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік Бейсенғалиев жекешелендіру Қор компанияларының бәсекелестікке қабілеті мен тиімділігін арттыратынын айтты. 

— Біз әр активке инвестор тартуды көздейміз. Тартылған қаражатты жаңа жобалар мен салаларға бағыттаймыз. Компаниялардағы ашықтық пен корпоративтік басқаруды капиталды жариялы нарыққа шығару арқылы  күшейтеміз. Сонымен қоса, жаңа технологияларды қажет ететін бизнестер оларға стратегиялық инвесторлармен әріптестік арқылы қол жеткізеді. 45 ірі актив бойынша біздің табысымыз нақтылы: әр активті сату үшін  терең талдау мен дайындық керек. Ірі активтерге қатысты жекешелендіру тәсілі ретінде IPO-ға басымдық беріледі, бұл жариялы нарыққа шығарда акциялар бағасын ашық анықтауға мүмкіндік бермек. Біздің 9 компанияның 6-сы нарық жағдайына қарай IPO-ға шығарылатын болады: «Эйр Астана», «Қазатомпром», «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта» және «ҚТЖ». Үш актив бойынша, яғни «Қазақтелеком», «Тау-Кен Самұрық» және «Қазақ Эйр» компанияларына стратегиялық инвесторлар тартуды жоспарлап отырмыз. 



«Самұрық-Қазына» АҚ Стратегиялар мен активтер қоржынын басқару жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал Қор жұмысының үш стратегиялық бағыты туралы әңгімеледі. 

— Бұл дегеніміз компаниялардың ұзақмерзімді құнын арттыру, ұлттық экономиканы жаңғыртуға қатысу және әлеуметтік жауапкершілік. Қордағы барлық үдерістер осы мақсаттарға жетуге бағытталған. Осы жыл ішінде бізде түбегейлі өзгерістер болды — бизнес-үдерістерге реинжиниринг жасадық. Қазіргі уақытта Қордың стратегиялық бастамалары аясында трансформация және жекешелендіру бағдарламасы іске асырылып жатыр. 

Turquoise президенті және Лондон қор биржасы бастапқы нарықтар жетекшісі Роберт Барнс мынадай түсініктеме берді: 

— «Самұрық-Қазынаның» жекешелендіру бағдарламасы Қазақстан тарихының жаңа парағын ашады. Біз Лондон қор биржасында қазақстандық делегация өкілдері мен Ұлыбритания халықаралық сауда министрі Грег Хэндсті көргенімізге қуаныштымыз. Құрамына 15 қазақстандық компания кіретін және ЕҚДБ-дан қазақстандық теңгемен алынған алғашқы евробонд айналысында жүрген, барлық әлемге ашық нарық ретінде Лондон қор биржасы Қазақстанның қуатты әріптесі. Біз осы елдің экономикалық дамуы үшін қосымша қаражат бөлуді ары қарай да жалғастыра береміз.

Сондай-ақ, Инвестор күнінде «Эйр Астана» АҚ басқарма төрағасы Питер Фостер мен «Қазатомпром» АҚ Қаржы директоры Мейіржан Юсупов компанияларды таныстырды. Сонымен қатар, Қор жетекшілері әлеуетті инвесторлармен және әріптестермен жан-жақты кездесулер өткізді. 

Сол күні кешкісін ҚР Ұлыбританиядағы елшілігі мен Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесінің қатысуымен  әлеуетті әріптестер үшін қабылдау өткізіліп, онда «Самұрық-Энерго» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ және «Бірлескен химия компаниясы» АҚ қоржын компанияларымен ынтымақтастық мүмкіндіктері таныстырылды.



Лондонда өткен Инвестор күні халырақарық инвесторлар тарапынан «Самұрық-Қазына» АҚ жекешелендіру бағдарламасына қызығушылықтың мол екенін байқатты. Бұл іс-шара шеңберінде Қор өкілдері 8 инвестициялық қормен кездесу өткізді, олардың ішінде Мубадала (Біріккен Араб Әмірлігі) сынды әлемдік жетекші компаниялар да бар. «Самұрық-Қазына» басшылары Қазақстан экономикасының даму мүмкіндіктері туралы баяндап, жекешелендіруге дайындықтары жоғары Қазатомөнеркәсіп пен Эйр Астана компанияларын шетелдік кәсіпкерлер назарына ұсынды.