Активтерді жаңаша басқару

Активтерді жаңаша басқару

370

28 Ақпан 2017

«ҚТЖ» ҰК» АҚ өндірістік активтерді басқарудың жаңа үлгісін енгізуде. Оның артықшылықтары туралы трансформация командасының жобалық тобының жетекшісі Заманбек Шопанов баяндап берді.

- Басқарудың жаңа үлгісі қандай мақсатпен енгізіліп жатыр?

- Біз активтерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша басқарудың тиімділігін көтермекпіз. Бұл бірінші мақсат. Екіншіден, өндірістік активтердің өнімділігін, сенімділігі мен қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті тұр. Темір жолдар, электр желілері, стансалар, вагондар мен локомотивтер, дабылдама жүйесі және өзге құрал-жабдықтар компанияға үздіксіз пайда әкелетіндей, тұрақты жұмыс істеулері тиіс. Бұл үшін барлық үрдістерді бір қалыпқа келтіріп, жүйелендіру қажет.

- Компанияда активтерді басқаруға қатысты қолға алынған басты өзгерістер қандай?

- Заманауи корпорациялар өндірістік активті бизнес-актив ретінде қарастырады, яғни ол компанияға табыс әкелуі тиіс. Бұл тәсілдеме ISO 55000 «Активтерді басқару» халықаралық стандартында да көрініс тапты. Мұндағы ұстанымдардың бірі - Follow the value. Аудармасы «құндылықтың ізімен жүр» дегенді білдіреді. Жобалық топ осы ұстанымды негізге алып, активтерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша басқарудың жаңа үлгісін әзірледі.

Біз есептіліктің бірыңғай жүйесін енгіземіз. Ол мәліметтердің жариялығын және нақтылы есебін қамтамасыз етіп, менеджменттің тиімді әрі оперативті шешімдерді қабылдауына өз септігін тигізеді.

Жаңа үлгіге сай, активтердің ахуалы туралы ақпарат бірыңғай бақылау жүйесіне жинақталады, онда тәуекелдер сараланады, ақаулықтар бойынша болжам жасалады. Жалпы активтердің барлығы жіктеледі. Олардың санатын ескере отырып, қызмет көрсетуге, жөндеу жұмыстарын өткізуге қатысты жеке тәсілдеме қолданылады, біреулері жоспарға сәйкес, ал енді біреулері ахуалына байланысты жөндеуден өтеді.

- Жөндеудің осындай тәсілдемесі қаншалықты тиімді?

- Өткен жылы компанияның жол-сапар шаруашылығында мобильді-диагностикалық кешен пайдалануға тапсырылған. Ол жолдардың геометриялық параметрлерін өлшеуге және рельстердің ақауларын анықтауға мүмкіндік береді. Бұрын компания осы міндеттерді орындау үшін екі қондырғыны (жол өлшеуші вагон және ақауларды анықтайтын вагон) қолданатын. Ал мобильді-диагностикалық кешеннің арқасында біз жолдарды норматив бойынша емес, тек қажеттілігіне қарай жөндейміз. Бұл ретте кешенді талдау, даму динамикасы мен бұзылуды болжамдау назарға алынбақ. 2018 жылдан бастап қызмет көрсету мен жөндеудің мұндай тәсілдемесі компанияның өзге активтеріне қатысты да қолданысқа енгізіледі.

- Ал жаңа тәсілдемені қолдану нәтижесінде түсетін табыстың көлемін болжамдауға болады ма?

- Алдын ала есеп бойынша, жобаның тиімділігі 2021 жылға дейін шамамен 14 млрд теңгеге жетеді. Бұл өндірістік активтердің қоржынын оңтайландыру, ақаулықтардың алдын алу, қажетсіз шығындарды азайту есебінен мүмкін болмақ.

- Жаңа үлгіге өту үшін қандай қадамдар жоспарланып отыр?

- Алда тұрған мақсат-міндеттер баршылық. 2017 жылдың соңына дейі біз активтерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету бойынша құжаттарды ретке келтіреміз. Қазірде компания және министрлік деңгейінде олардың саны – 183. Жөндеу үрдістерін автоматтандыруға қатысты талаптарды әзірлейміз. Соның негізінде кең көлемді автоматтандыруды енгізу көзделуде. Бұл қызметкерлеріміздің еңбегін жеңілдете түспек.  

Сонымен қатар, қызметтің негізгі көрсеткіштерін де анықтаймыз. Бұл активтерді басқаруға айқындылық береді. Активтердің бірыңғай базасын, жөндеу жұмыстарының ортақ стратегиясын және қызметтік құрылымын қалыптастырамыз. Ал құрылымдар мен мамандар арасында жауапкершілік үлестірілмек.