Жоғары оқу орындарымен өзара байланыс инновацияны енгізу мен ұлттық экономиканы дамытудың маңызды талаптарының бірі

Жоғары оқу орындарымен өзара байланыс инновацияны енгізу мен ұлттық экономиканы дамытудың маңызды талаптарының бірі

289

23 Ақпан 2017



«Қазпошта» АҚ инновациялар мен ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Нариман Мұқышев қазақстандық жоғары оқу орындарымен байланыс туралы әңгімелейді. Ол өткен аптада, «Самұрық-Қазына Бизнес сервис» ЖШС өкілімен бірге, Сүлеймен Демирель, Қазақстан-Британ техникалық және Халықаралық унисерситеттердің студенттерімен кездескен болатын.

— Нариман Нұрланұлы, университеттермен ынтымақтастық туралы идея қалай туды?

— Алғашқы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға біз 2013 жылы Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатымен бірігіп, қол қойған болатынбыз. Бұл ынтымақтастықтың басты бағыттары жастар саясаты мен жоғары оқу орындары (ЖОО) бітіруші түлектерін 2-3 айлық тағылымдамадан өткізу еді. Болашақта университеттермен тікелей ынтымақтастық орнатамыз. Біз нарықтағы ИТ-біліктілігіне мүдделіміз, студенттер өндірісте, компания мен нарықта оларды не күтіп тұрғанын жетік білуі тиіс.

Қазірдің өзінде талантты түлектерді компанияның ағымдағы жобаларына тартуға мүмкіндіктер бар. Мысалы, SEO-оңтайландыру бойынша сайттарды жетілдіру, SMM немесе корпоративтік жүйеге арналған қызмет түрлерін жасау. 3-4 курста уақытын пайдалы іске жұмсағысы келетіндер, өзін өзі дамытқысы келетендір көп болатыны белгілі.  

Мысалы, СДУ-да, Алматыда 3D принтинг бойынша лаборатория бар. Мұндай принтерлерді өзге қалаларға да қоюға болар еді, сол арқылы клиенттер Postmarket.kz-ке тапсырыс берген сувенирлерін бастырып алады.  ҚБТУ-дың ғылыми институтында ситуациялық орталықтар құрылған, біз оларды да бірігіп жүзеге асыратын жобаларға пайдалана аламыз. Халықаралық университетте робот техникалары дамыған, біз олармен шалғай жерлерге тасымал жеткізетін дрондар жасау бойынша әріптес бола аламыз. Е-learning бойынша мәселе де өткір тұр: егер шалғай өңірлерге ақпарат жетпесе, біз үшін жаңа қызметтерді енгізудің қажеті жоқ. Бұл бағытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Әрине, студенттерді біз қойған міндеттерді атқарумен шектеуге болмайды.Олардың өз идея, ұсыныстары бар, жаңа көзқарастары бар.

Біз барлық университеттермен жұмыс істеуге әзірміз. Осы ретте шығармашылық жұмыс үшін университетаралық хаб жасау идеясы да бар. Үздік нәтиже көрсеткендерді жұмысқа қабылдауға да дайынбыз.

— Жоғары оқу орындарымен белгілі бір келісімдерге келдіңіздер ме?

— Біз нақты іс-қимыл мен қадамдарымызды талқылап жатырмыз. Студенттерге қандай бағыттардың қызықты екенін анықтау қажет. Әрине, біз оларға қай бағытта дамитынымыз, қандай ұсыныстарымыз бар екені туралы кеңінен таныстырамыз. Университеттермен тікелей байланыс орнату үшін жұмыс форматын да анықтау қажет. Біз университтермен меморандумға қол қоюға уағдаластық және байланымыз табысты болады деген сенімдеміз.

Осы жылдың 13 ақпанында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы  сандық технологияларды дамыту бойынша сараптамалық кеңес құрылды. Оның жұмысына университет өкілдерін, студенттерді шақырамыз.

— Ынтымақтастық сіздердің компания аясында ғана бола ма, әлде Қор компаниялар тобы қамтыла ма?

— Меніңше, бұл Қор компаниялар тобы аясында болуы тиіс. Бұл бәріміз үшін пайдалы. Студенттер жұмысқа тұрады, компаниялар жақсы мамандар табады. Елбасының өзі халыққа жолдауында елімізде IT-біліктілік мәселесінің маңыздылығын айтып өтті. Мысалы, Open IT жобасы атты бастама бар. Chocolife, Aviata сияқты компаниялар бірікті, олар курстар ұйымдастырып, болашақ мамандарын дайындап жатыр. Біз олармен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

— Өзге ұлттық компаниялар бірлесіп IT-кадрлар даярлау ісіне мүдделі ме?

— Әрине, бірақ бұл оңай жол емес. Chocolife-тің жөні басқа. Ал, ұлттық компанияларда үдерістер күрделірек жүргізіледі. Осының бәрін қалай іске асыруды мұқият қарастырған жөн.

Мен ұлттық компаниялардағы IT-директорлармен жақсы таныспын. Олар жан-жақты, креативті, елдегі IT-кадрлар жағдайын жетік білетін мамандар. Бұл бастаманы қолдайтындарына сенемін. Бастаманың болашағы әр компанияға қатысты. Қазпошта да жеңіл жолдан өткен жоқ. Біз алдын ала көптеген келіссөздер мен талқылаулар өткіздік, тыңдадық, ақылдастық, бір тоқтамға келдік.

Ең бастысы, идея жария етілді. Кейбір жағдайларда идеялардың сол күйінде қалып қойып жататыны да жасырын емес. Мұнымен қоса кез келген идея кедергілерге, соның ішінде қаржылық кедергілерге ұшырап жатады.

Әзірге ұсыныстардың бәрі жеке тұлғалар тарапынан жасалып жатыр, мысалы, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры Давид Туганов тағылымдамаға көптеген студенттерді тартып отыр. Олардың кейбірі компанияда өз орнын тапты. ҚТЖ-да да бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мүдделі адамдар ауысқан жағдайда бастаманың аяқсыз қалуы да мүмкін. Сондықтан, біздің міндетіміз ешекімге тәуелді болмайтын үдерісті жолға қою. Бастама ойдағыдай жүзеге асырылады деп сенемін.

— Сұхбатыңызға рахмет!