«Самұрық-Қазына» қорының қаржылық және өндірістік көрсеткіштері өсті

«Самұрық-Қазына» қорының қаржылық және өндірістік көрсеткіштері өсті

274

18 Сәуір 2017

«Самұрық-Қазына» АҚ қаржылық және өндірістік көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында Қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. 

«Алдын ала болжам бойынша, бірінші тоқсанда «Самұрық-Қазына» АҚ 12 қоржындық компаниясы бойынша жалпы түсім 1 146,5 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 55 % жоғары және жылдық жоспардың 27 % құрайды», — деп атап өтті Ө.Шөкеев.



Оның айтуынша, Қордың компаниялар тобында жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын тауып келеді. Бүгінде 215 активтің 124-і сатылды. 

Сонымен қатар жыл басынан бері өндірістік көрсеткіштер бойынша да өсу қарқыны байқалуда. Мұнай және газ конденсатын өндіру 5,76 млн тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 0,2% өсті.  Табиғи газды өндіру көлемі 1,40 млрд текше метрді құрайды, бұл былтырғыға қарағанда 10% жоғары. ҚазМұнайГаз тобындағы қазақстандық мұнай-өндіру зауыттарында 3,03 млн тонна мұнай өңдеуден өтті.  Өткен жылмен салыстырғанда өсім 31% тең. 

«Темір жол арқылы жүк тасымалының көлемі есептік кезең ішінде 47,94 млрд тонна-шақырымға жеткен, өткен жылғы көрсеткіштен бұл 14% көп. Электр энергиясын 7 367,0 млн кВтс көлемінде өндірген «Самұрық-Энерго» АҚ да 34,5% өсімді көрсетіп отыр. Электр энергиясын тарату 13% өсті», — деді Ө.Шөкеев.  

Сонымен қатар құны 1,8 млрд АҚШ долларын құрайтын «Нұрлы Жол» бағдарламасы да қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Боржақты-Ерсай» темір жол желісін салу жобасы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын құру және дамыту жобасы, «Транзит Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» жобасының бірінші сатысы, «500 кВ Екібастұз-Шүлбі ГЭС-Өскемен желісін тарту» жобалары бойынша жұмыстар орындалған.