ҚР Парламенті Мәжілісінде «Самұрық-Қазына» АҚ-да мемлекеттік ресурстарды қолданудың тиімділігі туралы» дөңгелек үстел өтті

ҚР Парламенті Мәжілісінде «Самұрық-Қазына» АҚ-да  мемлекеттік ресурстарды қолданудың тиімділігі туралы» дөңгелек үстел өтті

272

23 Мамыр 2017

ҚР Парламенті Мәжілісінде «Самұрық-Қазына» АҚ-да мемлекеттік ресурстарды қолданудың тиімділігі туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары - Қаржы және бюджет, Экономикалық реформа және аймақтық даму комитеттерінің мүшелері, «Самұрық-Қазына» АҚ (әрі қарай  -  Қор) топ-менеджерлері, Қордың қоржындық компанияларының басшылары, «Самұрық-Қазына» АҚ сараптамалық-консультативтік кеңесінің өкілдері қатысты.

Халық қалаулылары алдында баяндама жасаған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев атап өткеніндей, Қор 2016 жылды оңтайлы қаржылық нәтижемен аяқтады. Атап айтқанда, акционер үлесіндегі шоғырланған таза пайда өткен жылдың қорытындысы бойынша 455 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 292 млрд теңгеге немесе 1,8 есе артық. Мұндай нәтижеге қол жеткізу табыстарды ұлғайту мен шығындарды жүйелі түрде азайту есебінен мүмкін болды. Ал Қордың стратегиялық көрсеткіші болып табылатын таза активтердің құны 6,8 трлн теңгеден асып, 2015 жылдағыдан 7% өсті. Меншікті капиталдың тиімділігі 2015 жылы 3,3% құраса, 2016 жылдың соңында 5,5% жетті.

Сонымен қатар 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қор салық төлеу мен өзге төлемдер есебінен мемлекеттік бюджеттің табысын 610 млрд теңгеге ұлғайтты. Акционер үлесіне түскен дивиденділер мен өзге төлемдер 57 млрд теңгеге жеткен.  

Қор компанияларының тобы республикалық бюджеттен алған қаражатты 99,5% игерді. 2016 жылы Қор тобы үшін мемлекеттік бюджеттен 143,44 млрд теңге қарастырылған, соның ішінде 130,6 млрд теңге Қордың жарғылық капиталын ұлғайту жолымен бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінді. Нақтылап айтсақ, республикалық бюджеттің қаржысы «Астана» стансасының темір жол торабын дамыту, «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының құрылысы, «Алматы-Шу» учаскесінде екінші темір жолдарды салу, Құрық кемежайында паром кешенінің құрылысы, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия паркі» АЭА инфрақұрылымдық нысандары, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар вагондарының жылжымалы құрамын жаңарту сынды жобаларға бағытталған.

Бұған қоса Мәжіліс депутаттарына «Самұрық-Қазына» активтерін жекешелендіру бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы ақпарат берілді. Бұл бағдарлама аясында Қор тобының 215 нысаны бәсекелестік ортаға тапсырылады. Бүгінде Экономиканы модернизациялау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 151 активті сату тәсілдерін бекітті, оның ішінде 132-і Қор құрамынан шығарылды. Қазіргі таңда Қор Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында сатылуға тиісті өзге активтер бойынша даярлық жүмыстарын жүргізуде.

«Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығын трансформациялау үрдісі аяқталуға жақын. Қор өз активтерін Директорлар кеңестері арқылы және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне сүйеніп басқаратын стратегиялық холдинг/белсенді инвестор ретінде жұмыс істейді.

Жалпы 2014 жылы бастау алған трансформация бағдарламасының нәтижесінде бүгінде 6 ұлттық компания – Қазақстан темір жолы, ҚазМұнайГаз, Қазатомөнеркәсіп, Самұрық-Энерго, KEGOC және Қазпошта 130-дан аса трансформация жобасын жүзеге асырады. Жалпы Қор компаниялар тобында трансформация  жобаларынан  түсетін экономикалық пайданың жиынтық көлемі 1 трлн теңгеден асады деп күтілуде.