«Самұрық-Қазына» Қоры АЭФ аясында жекешелендіру тақырыбында пікірталас сессиясын өткізді

«Самұрық-Қазына» Қоры АЭФ аясында жекешелендіру тақырыбында пікірталас сессиясын өткізді

219

15 Маусым 2017

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан былай - Қор) Астана экономикалық форумы (бұдан былай - АЭФ) аясында ««Самұрық-Қазына» Қорының жекешелендіру бағдарламасындағы жетістіктері және бағдарламаның ел экономикасындағы рөлі» тақырыбында пікірталас сессиясын өткізді. Сессияда Қор топ-менеджерлерінен бөлек Астана Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Халықаралық қаржы корпорациясының аймақтық директоры Моаззам Мекан, «Қазақстан Темір Жолы», «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты Қордың қоржындық компанияларының басшылары және басқалар қатысты.

2016-2020 жылдарға арналған ҚР Мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасының шеңберінде 800 кәсіпорын жекеменшікке шығарылады. Бағдарламаның басты мақсаты – ЭЫДҰ елдеріндегі деңгейге сәйкестендіріп, ел экономикасында мемлекеттің үлесін 15%-ға дейін төмендету. Тізімдегі 215 актив «Самұрық-Қазына» Қорына тиесілі. Қазіргі күнде олардың жартысына жуығы Компаниялар тобының құрамынан шықты, кезекте – ең ірі және маңызды активтер.

- Бұл бағдарламаны сәтті іске асыру – Қордың негізгі мақсаттарының бірі, - деп атап өтті Қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев.  – Біз тек активтерді сатып қана қоймай, оларды сатуға дайындық жасау мәселесіне мән беріп отырмыз, яғни, компаниялардың операциялық және қаржылық қызметін жетілдіреміз, есеп беру жүйесін біркелкілендіреміз, ұжымдық құрылымын оңтайландырамыз, осылайша Қор компанияларының тиімділігі мен бәсекелестігін арттырамыз.

IPO-ға шығарылып немесе стратегиялық серіктестерге сатылатын ірі активтерді санамағанда, Қор объектілерінің басым бөлігін 2018 жылдың аяғына дейін сату жоспарланған.  Ірі активтерді 2020 жылдың соңына дейін IPO арқылы немесе стратегиялық инвесторларға сату жоспарланған, алайда Қор макроэкономикалық көрсеткіштер мен нарықтағы жағдайға қарап шешім қабылдайды. Жекешелендіру объектілері туралы толық ақпаратprivatization.sk.kz сайтында орналасқан.

- Қор өзінің ең ірі активтерін жекешелендіруге былтыр дайындай бастады, - деді активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директор Берік Бейсенғалиев. – Компанияларда стратегиялар жаңартылып, трансформация жүзеге асырылып жатыр. Біз қоржындық компаниялармен бірге инвесторлармен кездесіп, бизнес-моделі, инвестициялық тарихы туралы алдын-ала ақпарат жинап, инвесторлардың пікірін жинаймыз. Сатуға неғұрлым дайын компанияларды нарыққа 2018 жылы шығарамыз, егер нарық капиталы мен компаниялардың өздері әбден дайын болған жағдайда.

Жекешелендіру жөніндегі сессияға АЭФ-ке тіркелген БАҚ өкілдері түгел қатыса алады. Бұған қоса, спикерлердің цитаталарын #AEF2017privatization хэштегімен Қордың Facebook желісіндегі парақшасынан табуға болады.