«Самұрық-Қазына» Астанада Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) жыл сайынғы отырысын өткізуде

«Самұрық-Қазына» Астанада Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) жыл сайынғы отырысын өткізуде

279

05 Қыркүйек 2017

2017 жылғы 5-ші қыркүйек, Астана қ.  Астанада  Тәуелсіз әл-ауқат қорларының халықаралық форумы (IFSWF) өз жұмысын бастады. Жыл сайынғы дәстүрге айналған IFSWF 9-шы отырысының ашылу салтанатына ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, IFSWF хатшылығының басшысы  Эдриан Орр қатысты. 

Ортаазиялық өңірде тұңғыш рет өткізіліп жатқан форумның жұмысына жетекші әлемдік тәуелсіз әл-ауқат қорларының 20-дан астам топ-менеджерлері бас қосып отыр. Оның ішінде «Khazanah Nasional Berhad» (Малайзия), «China Investment Corporation»  (ҚХР), «Russian Direct Investment Fund» (Ресей), «Qatar Investment Authority» (Катар), «Cdp Equity» (Италия), «Kuwait Investment Authority» (Кувейт) және т.б. бар. 

IFSWF форумы еліміздің бас қаласында 200-ден астам делегатты жинады. Олардың арасында тәуелсіз әл-ауқат қорларының, халықаралық ұйымдардың, трансұлттық компаниялар мен кәсіпкерліктің өкілдері бар.   

Форумның тақырыбы: «Нарықтың жаңа көкжиектерін зерттеу жолында».  Іс-шараның ұйымдастырушылары: Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) хатшылығы және «Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі - Қор). ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  Астанадағы IFSWF жыл сайынғы 9-шы отырысының қонақтары мен қатысушыларына құттықтау сөзін арнады.

 «Қазақстан экономиканы әртараптандыруға, сандық және технологиялық жаңғыртуға негізделген экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыруда. Инвесторлар үшін машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, мұнай-химия, озық технологиялар, туризм, басқа салаларда да тартымды инвестициялық мүмкіндіктер ұсынамыз. Бұл трансформацияда «Самұрық-Қазына» қорының рөлі маңызды. Қор құрылымына құны 70 млрд АҚШ долларын құрайтын және экономиканың түрлі салаларын қамтитын елдің ірі және өнімділігі жоғары активтері кіреді. «Самұрық-Қазына» Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекешелендіруге және нарықтық реформаларға назар аударылған ұлттық экономиканы жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясы аясында қызмет етеді. Бүгін мен ҚР Үкіметі инвесторлардың халықаралық қауымдастығымен ашық сұхбатқа дайын екендігін атап өткім келеді», — деді ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев. 

Астанадағы IFSWF күн тәртібінде тұрақсыз әлемдік нарықтардағы қатерлерді басқару және активтерді бөлу, жаһандық инвестициялар бойынша тәуелсіз қорларға арналған бес жылдық сценарий, сандық экономиканың негізгі үрдістері мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар форумда тәуелсіз әл-ауқат қорларының әлемдік нарықтарға әсері, жаңа инвестициялық әдіс-тәсілдер мен шешімдерді қалыптастыруда IFSWF мүшелерінің рөлі пікірталас үлгісінде талқыланбақ.    

«Тәуелсіз әл-ауқат қорлары жаһандық нарыққа тұрақтылықты және  ұзақмерзімді капитал ұсынуды кепілдендіре алады. Ұзақмерзімді инвестициялармен байланысты қаржылық пайданы және жедел дамуға бет алған технологиялық үрдістерді ескерсек, тәуелсіз қорлар жаһандық инвестициялық нарықтың негізгі ойыншылары ретінде қалуы үшін бейімделуі және өзгеруі қажет. IFSWF  мүшелерінің үздіксіз инновацияларды және озық тәжірибелерді ұстанатыны қуантады», — деді өз сөзінде Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумы (IFSWF) хатшылығының төрағасы  Эдриан Орр.

Іс-шара аясында  IFSWF мүшелерінің кездесулері, интерактивті пікірталастар мен семинарлар, панельдік сессиялар өтеді. Форум қатысушылары төрт ашық панельдік сессиялар аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін, тәуелсіз қорларды дамытудың өзекті мәселелерін кеңінен талқыға салады: «Сандық экономиканың дамуы», «Тәуелсіз әл-ауқат қорларының қарқынды дамуы», «Тиімді жекешелендіру — тәуелсіз қорлардың рөлі»,  «Жаңа жаһандану — Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» бастамасы».

«Біз үшін Орталық Азиядағы мұндай жоғары деңгейдегі іс-шараны тұңғыш рет өткізу - үлкен абырой. Тәуелсіз әл-ауқат қорларының халықаралық форумы ынтымақтастықтың және біліммен алмасудың үздік алаңына айналып отыр. Жыл сайынғы кездесудің биылғы «Нарықтардың жаңа көкжиектерін зерттеу жолында» тақырыбы жаңа нарықтық және экологиялық үрдістер, тиімділікті арттыру, инновацияларды ілгерілету және сандық теңсіздікті еңсеру үшін өзекті бағыттарды айқындап, жаһандық инвестициялық ахуалды сипаттайды. Күтілетін нәтижелер арасында инвестицияларды тарту үшін инновациялық идеяларды және стратегиялық шешімдерді қабылдау тәсілдерін әзірлеуді, жаңа дағдылар мен білімді дамыту бар», — деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев. 

IFSWF Астанадағы отырысының қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ әлемнің жетекші корпорациялары және даму институттары — италиялық CDP Equity S.p.A әл-ауқат қорымен, Дүниежүзілік банкпен,  сонымен қатар General Electric халықаралық корпорациясымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қояды деп жоспарланған. Астанадағы IFSWF жыл сайынғы 9-шы отырысы 2017 жылғы 7-ші қыркүйекке дейін жалғасады.