Самұрық-Қазына және Дүниежүзілік банк «жасыл» экономиканы және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша зерттеулерді бірлесе жүргізеді

Самұрық-Қазына және Дүниежүзілік банк «жасыл» экономиканы және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша зерттеулерді бірлесе жүргізеді

331

06 Қыркүйек 2017

АСТАНА қ.,2017 жылғы 6-шы қыркүйек.Биыл Астанада өтіп жатқан Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) жыл сайынғы 9-шы отырысы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі — Қор) және Дүниежүзілік банк арасында ынтымақтастық туралы алдын ала келісімге қол қойылды. Оның мақсаты — «жасыл» даму саласында бірлескен әлеуметтік-экономикалық талдау жұмысын жүргізу.

— Бұл маңызды оқиға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Дүниежүзілік банк арасында ынтымақтастық орнағанын білдіреді. Орнықты даму және белсенді инвестициялар Қор қызметінің стратегиялық бағыттары болып табылады. «Жасыл» экономика саласындағы зерттеу жұмыстары қайта қалпына келетін қуат көздерін пайдалануға бағытталған жобаларды ынталандыруға өз үлесімізді қосуға жол ашады. Ал исламдық қаржыландыру саласында қазақстандық компанияларға инвестициялау тетіктерін кеңейтуге септігін тигізеді, — деп атап өтті алдын ала келісімге қол қою рәсімі барысында Қор басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Тараптар Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар исламдық қаржыландыру саласында, Қазақстан және ТМД мемлекеттері нарығында дамыту мүмкіндіктері мен сын-қатерлерді шешу бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек.

Алдын ала келісімге қол қою барысында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Фрэнсис Ато Браун өз сөзінде әлем «бұрынғы сарынмен» жұмыс істей алмайтынын атап өтті:«Бүгінде «жасыл» даму — бұл орнықты әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында қоғам алдындағы экологиялық сын-қатерлермен жұмыс. Дүниежүзілік банктің тобы Қазақстанда Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясында өзінің жаһандық тәжірибесін және ұсыныстарын, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорына «Қазақстанның жасыл экономикасы» тұжырымдамасы мен жоспарын қолдауға септігін тигізетін ағымдағы жобаларды кәдеге жаратады».