«Самұрық-Қазына» АҚ қоржындық компаниялары цифрландыру бойынша қолға алынған жобаларды таныстырды

«Самұрық-Қазына» АҚ қоржындық компаниялары цифрландыру бойынша қолға алынған жобаларды таныстырды

315

13 Қыркүйек 2017

2017 жылғы 13 қыркүйек,  Астана қ. Елбасының қатысуымен өткен цифрландыру мәселелері бойынша кеңестің аясында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі ұйымдастырған сандық технологиялар көрмесіне «Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі – Қор) 7 қоржындық компаниясы қатысты. 

Көрме барысында таныстырылған  «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Цифрлық кен орны»  жобасы «ЕмбіМұнайГаз» кәсіпорнында өнеркәсіптік қолданысқа енгізілді. Оның арқасында мұнайдың қосымша өндірісін 3% арттыруға, ұңғыма жұмысын қайта қалпына келтіру уақытын қысқартуға, ұңғымаларды жөндеуге салыстырмалы шығынды төмендетуге, қуат үнемділігін 20% арттыруға жол ашылды.    Бүгінде жоба Өзен, Қаражанбас, Ақшабұлақ сияқты 14 кен орнында енгізілуде. 

- Цифрлық кен орны - бұл жаңа технологияларды қолдану және ажырап қалған жүйелерді бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйеге біріктіру арқылы мұнай-газ кәсіпшілігінің барынша жоғары тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқарудың кешенді автоматтандырылған жүйесі, - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев. – Кен орнының техникалық әзірлемесін жергілікті мамандар жүргізді. Сандық технологиялардың мұнай-газ саласына ендірілуі – өндірістік процестер қауіпсіздігі мен тиімділігінің кепілі ғана емес, қазақстандық мұнай-газ өнеркәсібі бәсекеге қабілеттілігінің ажырамас шарты. 

«Қазатомөнеркәсіп» цифрлық кеніш жобасын жүзеге асыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру және өзіндік құнын азайту есебінен 2025 жылға қарай 12 млрд. теңге көлеміндегі экономикалық әсерге қол жеткізіледі деп күтіледі. Биыл  компания цифрлық кенішті ендіруді жұмыстарын бір кәсіпорында аяқтауды жоспарлап отыр. Келесі жылы цифрлық кеніш тағы екі өндірістік объектіде іске қосылады. 

«Қазпочта» АҚ электрондық сауда-саттық экожүйесінің негізгі элементтері – интернет-дүкендермен, төлем жүйелерімен және логистикамен таныстырды. Пошта операторы елімізде электрондық сауда-саттықты дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды құруға ерекше көңіл бөледі.

- «Қорғас» ШЫХО-да ашылған хаб арқылы Қытайдан жөнелтілген сәлемдемелер шоғырланып, Ресей мен Еуропаға жіберіледі.  Мысалы, өткен жылы біз Қорғас-Вильнюс және Қорғас-Екатеринбург бағыттары бойынша 10 миллионнан астам сәлемдемені жеткіздік, ал биыл 30 миллионнан астам сәлемдемені тасымалдау жоспарланған, - деп хабарлады «Қазпошта» АҚ басқармасының төрағасы Сәкен Сәрсенов. – Сонымен бірге іске қосу кезеңіндегі Алтынкөл теміржол станциясындағы хаб Қытайдан жөнелтілген сәлемдемелерді контейнерлермен Польша арқылы Еуропаға тасымалдауға мүмкіндік береді.   

Бүгінде «Қазпошта» компаниясының сәлемдемелерді шоғырландыруға және жеткізуге арналған 4 қоймасы АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Ресейде жұмыс істеуде. Бұл жобалар Қытайдан Ресей мен Еуропа елдеріне жіберілетін барлық электрондық сауда-саттық сәлемдемелерінің 20 пайыздан астамын Қазақстан арқылы транзитпен өткізуге мүмкіндік береді. 

General Electric  компаниясы әзірлеген «Самұрық-Энерго» АҚ «Цифрлық электр станциясы»  тұжырымдамасының жобасы шығынды төрттен бірге дейін төмендетіп, еңбек өнімділігін арттыруға, тұрып қалу уақытын 5%-ға қысқартуға, сондай-ақ бөлінетін зиянды заттардың көлемін 3%-ға азайтуға мүмкіндік тудырады. Компанияның барлық объектілерінің жұмысы туралы маңызды деректер көрсетілетін мобильді қосымшаның көмегімен «Самұрық-Энерго» компаниясына өндірісте қандай мәселелер туындауы ықтимал екендігін және оны болдырмауды көрсететін алдын алу талдауын алуға болады.          

«KEGOC» АҚ қосымша желілер салмай-ақ, көп деректерді басқару есебінен электр энергиясын беру көлемін 10%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретін «Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің  жұмыс тәртібін басқаруды автоматтандыру» жобасымен таныстырды. Бұл қолданыстағы Солтүстіктен Оңтүстікке электр беру желілері бойынша қуат ағынын 200 МВт-ға  ұлғайтуға сәйкес келеді. Аталмыш жоба көршілес энергожүйелерден реттеуші қуатты сатып алу көлемін екі есе азайтуға және жыл сайынғы шығынды 2 миллиард теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, апаттар кезінде автоматиканың мөлшерлі әсері есебінен тұтынушыларды электр желісінен ажырату 25%-ға қысқара түседі. 
 
«Қазақтелеком» АҚ көрмеге қатысушыларды «Бизнеске арналған ашық цифрлық платформамен» таныстырды. Ұсынылған порталдың прототипі 5 құрамдас бөліктен тұрады: бизнеске арналған мемлекеттік қызметтер, мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары, B2B сауда-саттық алаңы, бизнеске арналған цифрлық сервистер, шағын және орта бизнеске арналған талдау.

«Бірыңғай терезе» жобасын ендірудің нәтижесінде «Қазақстан темiр жолы» АҚ-да құжаттарды ресімдеу 8 есеге жылдамдап, операциялық шығын 50%-ға қысқаруда. «Автоматтандырылған басқару орталығы» және «Болжамды қозғалыс кестесі» жобаларын енгізу желінің өткізу қабілетін арттырып, активтерге нақты жағдай бойынша қызмет көрсетуге, сондай-ақ  пайдалану шығынын төмендетуге мүмкіндік тудырады.