«Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандық өндірушілерге қандай қолдау көрсетеді?

«Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандық өндірушілерге қандай қолдау көрсетеді?

1537

23 Қараша 2021

«Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандық бизнесті қолдап отыр. 2021 жылдың басынан бері Қор тобындағы жергілікті үлес көлемі 2,5 трлн теңгеге жетті. Отандық өндірушілерді ынталандыру механизмдері мен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту туралы Қордың басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндап берді.

Өз сөзінде Қор басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ импортты алмастырудың тиімді жүйесін енгізгенін тілге тиек етті. Ол елімізде жаңа өндірістерді құруға мол мүмкіндік береді. Биылғы жылы импортты алмастыру Бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 53 миллиард теңгені құраған 94 оффтейк-келісім шарт жасалды. Жеңіл және өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс материалдарын шығару өндірістері нақты қолдауға ие болды.

Қор тобында сонымен қатар сатып алуларды санат бойынша жіктеу механизмі кеңінен әрі тиімді қолданылып келеді. Соның арқасында биыл отандық өндірушілермен серіктестік жөніндегі 42 келісім бекітілді.

Мұнымен қоса, бәсекелестік ортаны кеңейту мақсатында бір көзден сатып алулар әдісін қысқарту жөнінде белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін бір көзден сатып алулар көлемі 413 млрд теңгені құрады. Бұл сатып алулардың жалпы көлемінің 13% құрады (2017 жылмен салыстырғанда 7 есе төмен). Бәсекелестік сатып алулар үлесі де арта түсті. 2021 жылы 2,1 трлн теңгеге жетті (2017 жылмен салыстырғанда 7 есеге артық).

2021 жылы Қорда сатып алулардың жаңа әдісі әзірленді – электрондық дүкен арқылы. Бұған дейін мұндай процесс 22-тен 43 жұмыс күніне дейін созылса, электрондық дүкен аталған мерзімді бірнеше есеге азайтуға, яғни, 1-5 жұмыс күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Қор басшылығының мәліметінше, жыл соңына дейін сатып алулардағы жергілікті үлестің көлемі 76% жетеді. Ал, 2022-ші жылы «Самұрық-Қазына» сатып алулар жүйесіндегі жаңа модульдерді цифрлық форматқа ауыстыруға кіріспек.