Комплаенс функция - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқарудың тиімді құралы

Комплаенс функция - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқарудың тиімді құралы

555

12 Мамыр 2022

Ашықтықты қамтамасыз ету, заңнама талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін «Самұрық-Қазына» АҚ барлық портфельдік компанияларда комплаенс институтын белсенді түрде ілгерілетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті сапалы жаңа деңгейге шығарды.

2017 жылдан бастап 16 портфельдік компанияда және олардың барлық еншілес ұйымдарында комплаенс-қызметтер құрылды. Қазіргі уақытта компаниялар тобында 77 дербес комплаенс-қызмет және 44 бөлімше жұмыс істейді, оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-функцияларды орындау жүктелген. Барлық комплаенс-қызметтер Директорлар кеңесіне тікелей есеп береді, бұл олардың атқарушы органдардан тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. 

«Самұрық-Қазына» АҚ комплаенс-қызметінің басшысы Дәурен Ақшаловтың айтуынша, Қор тобындағы мұндай қызметтер олардың рөлі заңнамалық тұрғыдан бекітілгенге дейін пайда болған. Олар сыбайлас жемқорлық және реттеуші тәуекелдерді басқару саласындағы үздік халықаралық тәжірибелерді қолданады. Осы тәуекелдерге ішкі талдаулар мен мониторинг жүргізіледі, олардың нәтижелері мүдделі мемлекеттік органдар мен компанияларға жіберіледі.

«Комплаенс қызметі вето құқығына ие емес, бірақ оның ұсыныстары барлық процестерге біріктірілген. Олар тиісті түрде қабылдануы тиіс, ал тиісті шешімдер компанияның тәуекел-тәбетіне сәйкес қабылдануы тиіс, - деді Дәурен Ақшалов. - Егер шаралар қабылданбаса, біз жауапкершілікке тарту мәселесін барынша жоғары деңгейге көтере аламыз».

Сатып алуды бақылау

Қор реформалары аясында сатып алулардың ашық болуын қамтамасыз етуде комплаенс рөлі күшейтілді. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап қабылданған Сатып алудың жаңа тәртібіне сәйкес компаниялар тобындағы бір көзден сатып алулардың барлығы комплаенс-тексеруден өтеді. Сондай-ақ қатысушылары оффшорлық юрисдикцияларда тіркелген компаниялармен іскерлік қатынастарға тыйым салынады. Сатып алудың жаңа тәртібінде тауар не қызмет көрсетуші компания сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттемелерді бұзған жағдайда, мәмілелерді біржақты бұзу мүмкіндігі қарастырылған. Өнім берушілер жедел желі арқылы сатып алу процесіне қатысты шағым бере алады.

Сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың пәрменді құралдарының бірі контрагенттердің сенімділігін тексеру болды. Қазіргі уақытта Қордың электрондық сатып алу жүйесінде осы процесті автоматтандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Мемлекеттік дерекқорға қосу жоспарланып отыр, бұл контрагенттерге талдау жүргізуге, сондай-ақ үшінші тұлғалардың сенімділігіне және олардың Қор тобы жұмыскерлерімен байланыста болуына тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Дерекқорға қосылу санкциялар және басқа да «қара тізімдер» бойынша тексеру жүргізуге, сондай-ақ сценарийлер мен тарихи деректер негізінде үшінші тұлғалардың қызметіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Жедел желіге деген сенімнің артуы

Заң бұзулар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі тағы бір тиімді құрал еркіті ақпараттандыру жүйесі (жедел желі) болды. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жұмыскерлері және басқа да қауымдасқан тұлғалар операторы тәуелсіз компания (KPMG) болып табылатын қауырт желіге қоңырау шала алады. Құпия сақтауға және өтініш берушілерді қысым көрсетуден қорғауға ерікті ақпараттандыру саясаты кепілдік береді.

2018 жылдан бері өтінімдер саны 4 есеге өсті. 2021 жылы жедел желіге 594 өтініш келіп түсті, оның ішінде 150 жағдай расталды. Келіп түскен өтініштердің 43%-ы еңбек жанжалдарына, 15%-ы сатып алу рәсімдеріне, 12%-ы белгіленген рәсімдер мен заңнама бұзушылықтарына, 13%-ы алаяқтық, ұрлық пен жымқыру жағдайларына қатысты. Өтініштердің басым бөлігі Қазақстан темір жолы, ҚазМұнайГаз және Қазпоштаға қатысты. Анықталған бұзушылықтар бойынша ақпарат қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталған жағдайда, тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

«Қор тобы компанияларының бірінші басшысы қол астындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына да жауапты болады. Бұл өзгерістер компаниялардың барлық тобында мақұлданды. Комплаенс қызметі және менің әріптестерім Қордың және бүкіл квазимемлекеттік сектордың барынша ашық болуының  драйвері болып табылады», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Ақшалов.