«Самұрық-Қазына» АҚ ЕҚДБ-мен ынтымақтастықты дамытуда

«Самұрық-Қазына» АҚ ЕҚДБ-мен  ынтымақтастықты дамытуда

531

22 Қыркүйек 2022

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Еуразия, Таяу Шығыс және Африка өңіріндегі энергия ресурстары департаментінің директоры Аида Ситдикова басқаратын Еуропалық қайта құру және даму банкінің делегациясымен кездесу өткізді.

Тараптар жаңартылатын энергетикаға қатысты жобаларды іске асыруды қоса алғанда, Қор тобының компанияларындағы жасыл экономикаға және көміртексіздендіруге қатысты мәселелерді талқылады.

«Ағымдағы жылғы 25 тамызда Директорлар кеңесінің шешімімен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның төмен көміртекті даму тұжырымдамасы бекітілді, ол корпоративтік басқарудың ажырамас құрамдас бөлігі ретінде төмен көміртекті дамудың бірыңғай негізін айқындайды және төрт негізгі бағыт бойынша көміртегі әсерін азайту саласындағы Қор тобының қызметін жүйеге келтіреді», - деп атап өтті Қор басшысы.

Жұмыс жүргізіліп жатқан бағыттар баламалы энергетика мен төмен көміртекті технологияларды, ресурс тиімділігі мен шығарындыларды басқару технологияларын, инфрақұрылым мен реттеуді, сондай-ақ көміртегі әсерін тиімді басқаруды қамтиды.

Алматы ЖЭО-2 жаңғырту жобасына, атап айтқанда, қазіргі жағдайына және қаржыландыруды ұйымдастыруға қатысты одан әрі жұмысқа толығырақ тоқталды.

ЕҚДБ электр энергиясын жинақтау және сақтау жүйесін енгізуді қоса алғанда, KEGOC ұлттық операторының желілерін күшейту жобаларына қатысуға да қызығушылық танытты.

Қор, өз кезегінде, аталған барлық бағыттар бойынша ЕҚДБ-мен ынтымақтастыққа дайын екенін хабарлады.