«Самұрық-Қазына» Қоры делегациясының COP28 конференциясына қатысу нәтижелері

«Самұрық-Қазына» Қоры делегациясының COP28 конференциясына қатысу нәтижелері

2166

04 Желтоқсан 2023

30 қарашадан - 12 желтоқсан аралығында Дубайда БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясы (COP28) өтуде, оған «Самұрық-Қазына» АҚ делегациясы қатысты. Конференция барысында халықаралық серіктестермен «жасыл энергетиканы» дамыту және Қазақстанда жаңа цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірқатар іскерлік келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдер жасалды.

COP28 аясында Қор басшысы Нұрлан Жақыпов Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) бас директоры Сама Бильбао-и-Леонмен кездесті. Кездесу барысында тараптар атом саласындағыөзекті мәселелерді, соның ішінде таза және тұрақты энергетикалық шешімдерге көшу үшін ортақ білім мен ресурстарды қолдану жолдарын талқылады.

sk_2023-05-05_022000_photo16832вв67832 (1)ww_0001_Layer 2_0000_Layer 2_0003_Layer 2.jpg


Қор 2032 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда шығарындыларды 10%-ға қысқарту міндетін алдына қойып отыр және төмен көміртекті даму тұжырымдамасына сәйкес Қор жұмысының бір бағыты – энергияның баламалы көздерін енгізу арқылы энергия балансын әртараптандыру болып табылады.

Сондықтан «Самұрық-Қазына» АҚ үшін жаңартылатын энергия секторындағы жетекші компаниялардың бірі – ACWA Power-мен келісімге келудің маңызы зор болды. Нұрлан Жақыпов ACWA Power компаниясының негізін қалаушы және Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянмен кездесу өткізді. Онда Жетісу өңірінде қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелер қаралды. Станцияда инновациялық электр қуатын сақтау жүйесі орнатылады. Пайдалануға беру 2028-2029 жылдарға жоспарланған.

sk_2023-05-05_022000_photo16832вв67832 (1)ww_0001_Layer 2_0000_Layer 2_0001_Layer 5.jpg


Бүгінде электр қуатын бөлу схемасы әзірленуде, желді өлшеу жұмыстары басталып, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер телімін бөлу туралы облыс әкімдігінен қаулы алынды.

Тараптардың ынтымақтастық ниеттері Климаттық конференция аясындағы Келісіммен жүзеге асты.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ ҚР Энергетика министрлігімен және БАӘ Инвестициялар министрлігімен бірлесіп,Қазақстанда жалпы қуаты 10 ГВт төмен көміртекті энергетиканы дамыту туралы меморандум жасасты.

«Жасыл энергетиканы» дамытудан басқа, Қор цифрлық жобаларды жүзеге асыруға да ниетті болды. Осы мақсатта Нұрлан Жақыпов Presight компаниясының Басқарма төрағасы Томас Прамотедхаммен кездесті.

Айта кетейік, Presight жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшы G42 құрамына кіретін компания. Бүгінде Presight компаниясы  жасанды интеллект негізінде үлкен деректерді талдауда жетекші орын алады.

sk_2023-05-05_022000_photo16832вв67832 (1)ww_0001_Layer 2_0000_Layer 2_0000_Layer 6.jpg


Кездесуде тараптар Қордың портфельдік компанияларында цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Келіссөздердің нәтижесінде «Самұрық-Қазына» Қоры мен Presight арасында жоғары сапалы цифрлық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды.

Осыған сәйкес, «QazaqGaz» ҰК АҚ-мен Астана, Шымкент қалаларында және «Сарыарқа» магистарлінде газды есепке алудың ашықтығын арттыратын пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде ҚР аумағында магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілерінің мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі қарастырылатын болады.  

Ал екінші пилоттық жобаны «KTZ-Express» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асыру жоспарлануда. Мақсаты – кешенді талдау жүргізу және көлік-логистика секторындағы қызметтердің тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдердің қажеттілігін анықтау.

QazaqGaz бен KTZ-Express Presight компаниясымен қажетті құжаттарға да қол қойды.

COP28 аясында Қордың басқа портфельдік компаниялары мен ірі араб холдингтері арасында бірнеше келісімдерге қол қойылды: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен AD Ports Group арасында Қазақстанда кеме жөндеу және кеме жасау кәсіпорнын құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім жасалды.

Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Emirates Nuclear EnergyCorporation корпорациясымен табиғи уран концентраттарын жеткізу туралы келісім жасасты.