«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті

341

17 Ақпан 2022

2022 ж. 16-шы ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. 

Қоғамдық кеңес құрамына белгілі мемлекет пен қоғам қайраткерлері, сарапшылар, қаржы секторының өкілдері мен медиа-қоғамдастық өкілдері кірді. Ашық дауыс беру арқылы, бір адамның қалыс қалуымен басым дауысқа ие болып, оның төрағасы ретінде «Қазақстан халқына» ҚӘҚ төрағасы Болат Жәмішев сайланды. 

Айта кеткен жөн, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің жұмысы қаржылай шығындарды талап етпейді. Себебі, Қоғамдық кеңес мүшелеріне ешқандай еңбекақы төленбейді.

Болат Жәмішев атап өткеніндей – Қоғамдық кеңес ең алдымен қоғамдық пікірді қалыптастырып, жетілдіру, «Самұрық-Қазына» АҚ атына азаматтардан келіп түсетін сауалдарды нақты ұсыныстарға айналдырып, Қордың басқару органдарына жеткізу құралы. 
Алғашқы отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау жоспары туралы баяндаманы тыңдады. Қор өкілдері жетілдіру үрдісінің алғашқы нәтижелерімен танысып, Кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді. 

Қатысушылар қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелерді, соның ішінде кадрлық саясат, сатып алулар, «Самұрық-Қазына» тобының активтерін жекешелендіру, ұлттық компаниялардың қордаланып қалған проблемаларын жан-жақты талқылады.  
Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев өз кезегінде қоғаммен ықпалдасу Қордың қызметін жетілдіру және ұйымдастыру жолындағы маңызды тетік екенін тілге тиек етіп, Қоғамдық кеңес мүшелерімен ашық диалог орнатуға әзір екенін жеткізді. 

Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша, Кеңес мүшелері Қордың жұмысын жандандырып, оның ашықтығын қамтамасыз етіп, есептілігін арттыруға мүдделі екендерін білдірді. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесі 2021 ж. желтоқсан айында үміткерлерді ашық конкурс арқылы іріктеу жолымен қалыптастырылған. Оның құрамына 10 адам кіреді (7-уі азаматтық қоғам өкілі, 3-уі – Қор қызметкерлері).