«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлау жөніндегі қосымша конкурс туралы хабарландыру

«Самұрық-Қазына»  АҚ Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлау жөніндегі қосымша конкурс туралы хабарландыру

175

23 Тамыз 2022

Құрметті азаматтар және коммерциялық емес ұйым өкілдері!

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі – Қор) Қоғамдық кеңесі Қоғамдық кеңес туралы ереженің (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қарашадағы № 828 қаулысымен бекітілген) 42-тармағына сәйкес Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелеріне кандидаттарды іріктеу бойынша қосымша конкурс  жариялайды. 

Конкурсты өткізу мерзімі: хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 жұмыс күні. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің сандық құрамы: 15 адам, оның 3-еуі Қордың өкілдері, 12-і азаматтық қоғам өкілдері. 

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес хабарландыру жарияланған соң 10 жұмыс күні ішінде төмендегі құжаттарды тапсырады:  

1) Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына кандидатураларды ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) осы туралы азаматтың өтініші;
2) кандидаттың өмірбаян деректері көрсетілген кәсіби және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;
3) сотталмағанын не сотталғанын растайтын анықтама;
4) ҚР Бас прокуратурасы «Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің басқармасы» ММ-нен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасамағанын растайтын анықтама; 
5) психикалық ауытқушылықтар мен тәртіп бұзушылықтарының (ауруларының), соның ішінде психобелсенді заттарды қабылдауға байланысты науқастығы бар не жоғын айғақтайтын анықтама;
6) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі; 
7) кандидаттың түйіндемесі;
8) білімі, сондай-ақ ғылыми дәрежесі туралы құжаттарының, лицензиялары және/немесе патенттері, куәліктері мен серитификаттарының (бар болған жағдайда)  нотариалды куәландырылған көшірмелері.
Заңның 10-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайлардың бірі болған жағдайда, Коғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар сайлауға арналған конкурсқа жіберілмейді.

Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі 18 жасқа толған және Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ереженің 32-тармағында көзделген төмендегі талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматы болуы мүмкін: 
1) еңбек өтілі –  кемінде 10 (он) жыл, оның ішінде басшы лауазымдарда кемінде 5 (бес) жыл; 
2) жоғары білімінің және (немесе) Қор және (немесе) Қордың ұлттық компаниялары қызметінің салалары мен бағыттары бойынша халықаралық сертификаттарының болуы; 
3) Қор және (немесе) Қордың ұлттық компаниялары қызметінің салалары мен бағыттары бойынша, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық саласында жұмыс тәжірибесінің болуы;
4) тікелей немесе ықтимал мүдделер қайшылығының болмауы тиіс (кандидаттың жеке мүдделері мен Қордың Қоғамдық кеңесі мүшесінің өкілеттілігі аталған тұлғалардың өз міндеттерін атқармауы және (немесе) толық атқара алмауына әкеліп соғуы ықтимал қайшылықтар). Осыған орай төмендегі сауалнама-анкетаны толтыруларыңызды сұраймыз.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғаның атынан Қордың Қоғамдық кеңесі құрамына тек бір ғана өкіл сайлануы мүмкін. 
Бір адам Қордың Қоғамдық кеңесіне 2 (екі) мерзімнен артық қатарынан сайлана алмайды. 

Құжаттар 2022 жылғы 6 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) Нұр-Сұлтан қ-сы, «Есіл» ауданы, Сығанақ к-сі, 17/10 мекенжайында қолма-қол қабылданады немесе kogam@sk.kz электрондық поштасына жіберуге болады.