Қор туралы

«Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамы 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Қордың жалғыз акционері - Қазақстан Республикасының Үкіметі.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның даму жоспары

«Самұрық-Қазына» миссиясы

Қазақстан Республикасы халқының мүдделері үшін активтердің әртараптандырылған портфелін тиімді басқару және бизнесті қолдау арқылы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді құнды құру.

2023-2032 жылдарға арналған «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өзектендірілген даму жоспарын Жалғыз акционер 2023 жылы бекітті.

Қордың стратегиялық бағыттары

Активтер портфелін тиімді басқару

Стратегиялық мақсаты – 2032 жылға қарай таза активтердің құнын 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайту. Қор портфельдің сапасын оңтайландыруды және арттыруды, озық технологияларды енгізуді, сондай-ақ бизнесті жүргізу моделін жетілдіруді қамтамасыз етеді.

Бизнеске арналған экожүйе

Стратегиялық мақсаты – бәсекелестікті дамыту. Қор активтерді бәсекелес ортаға беру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Бірлескен инвестор ретінде Қор тек жеке инвесторлар іске асыра алмайтын маңызды жобаларға қатысады.

Тұрақты даму

Стратегиялық мақсаты – ESG қағидаттарын енгізу. Түйінді факторлар адамдардың әл-ауқаты, экологиялық тепе-теңдік және бұл ретте озық бизнес-практикалар мен корпоративтік басқару қағидаттары негізінде ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету болуы тиіс. Бұл активтердің ұзақ мерзімді құнын ұлғайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етеді.

Ел дамуының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық конъюнктурасын және Қордың ел экономикасы үшін рөлін назарға ала отырып, бүгінгі таңда инвестицияларды, ең алдымен, Қазақстан экономикасына инвестицияларды, оның ішінде стратегиялық жобаларды іске асыру мақсатында шоғырландыру орынды деп саналып отыр. Осыған байланысты алдағы 7 жылда Қорды басқару моделі елдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуын қолдау міндеттері бар стратегиялық холдинг ретінде айқындалды.

2030 жылға қарай Қор стратегиялық активтеріндегі мажоритарлық үлесті сақтай отырып, нарықтың қолайлы конъюнктурасы кезінде инвестициялық холдинг жұмысының моделіне көшуге тиіс. Жаһандық ауқымда өзінің бәсекеге қабілеттілігін және 'перспективалы әріптес' ретіндегі беделін нығайту мақсатында Қор портфельді әртараптандыруға ұмтылатын болады және оны экспорттың жоғары үлесі бар серпінді жобалармен толтыратын болады.